АҚШ НАТО келісімінің 5-бабында жазылған шарттар негізінде Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын. Бұл жөнінде Axios басылымы жазды. Аталған бапта ұжымдық қорғаныс туралы жазылған.
Басылым жоғары лауазымды Америка шенеунігіне сүйене отырып кепілдікті Конгресс мақұлдауы керек екенін айтты. Бұл заңнамалық тұрғыда орындауды міндеттейді.
"Біз украиналықтарға бір жағынан карт-бланш емес, екінші жағынан жеткілікті дәрежеде күшті қауіпсіздік кепілдіктерін бергіміз келеді... Біз Конгресстің бұл мәселені дауысқа салуына дайынбыз" деді дереккөз.
Басылым қауіпсіздікке кепілдік бойынша басқа ешқандай жай-жапсарын айтпаған.
Басылымның жазуынша, алдағы күндері Берлинде Владимир Зеленский мен Еуропа жетекшілері Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен кездеспек. Түрлі дереккөзге қарағанда, бұл кездесу алдағы демалыс күндері немесе дүйсенбі күні өтуі мүмкін.
Басылымның Ақ үйдегі дереккөзінің жазуынша, Украина мен АҚШ арасында бейсенбі күні өткен келіссөз айтарлықтай өнімді өткендіктен Трамп Уиткофф пен Кушнерді Еуропаға жіберуді жөн көрген.