Accessibility links

Әзілкеш Нұрлан Сабыровтың Ресейге кіруіне тыйым салынды – БАҚ

Степдап-әзілкеш Нұрлан Сабыров
Степдап-әзілкеш Нұрлан Сабыров

Стендап-әзілкеш Нұрлан Сабыровтың (Сабуров) Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынды. Бұл жөнінде Ресейдің " РИА Новости" агенттігі хабарлады.

Ресей құқық қорғау органдарының ресми тұжырымы бойынша, шешім "ел қауіпсіздігі, заңдылықты сақтау және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтау мақсатында" қабылданған. Бұған қоса Сабыров "миграция нормаларына қарамастан, Ресейде табыс тапқан".

Кей телеграм-арналар оның Украинадағы соғысты сынауы да себеп болған деген болжам жасады.

Телеграм-арналардың жазуынша, 6 ақпан күні Мәскеудегі Внуково әуежайына қонғанда Сабыровты арнайы бөлмеге алып барып, "Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы" қағаз берген.

Mash арнасы таратқан видеода полицей Сабыровқа ұқсайтын адамды бір жаққа алып бара жатады.

2025 жылы мамырда да оны миграция заңдарын бұзғаны үшін Шереметьево әуежайында ұстап, 5 мың рубль айыппұл салған.

Бұған дейін Нұрлан Сабыровтың Ресейдің Екатеринбург және Омбы қалаларындағы концерттері түсініксіз себептермен өтпей қалған.

Әзірге Сабыровтың өзінен де, Ресейдің ресми билік өкілдерінен де бұл бойынша пікір болған жоқ.

Сабыров – Қазақстан азаматы, ол Ақмола облысы Степногорск қаласында туып-өсіп, кейін Ресейде оқып, сол жақта стендап-әртіс әрі тележүргізуші ретінде танылған. Соңғы жылдары ол көбіне Ресейде тұрып, сол елде жұмыс істеген, ірі қалаларда концерт қойып, танымал интернет-жобаларға қатысқан.

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен соң Сабыров ашық саяси көзқарасын білдірмей келді, алайда оның ұстанымына қатысты пікірталас пен сын оқтын-оқтын айтылып жүрді. Соғыстың алғашқы жылдарында аудиторияның бір бөлігі оны "соғысқа қатысты көзқарасын ашық айтпады" деп сынға алды. 2022–2023 жылдары оның көп концерті "ұйымдастыру себептерімен" өтпей қалды.

XS
SM
MD
LG