Accessibility links

Азия ойындары: Қазақстан жетінші алтын ұтты

Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медаль алған қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко. 23 қыркүйек 2026 жыл.
Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медаль алған қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко. 23 қыркүйек 2026 жыл.

Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медалін жеңіп алды.

Луценко тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы 160,5 шақырымдық топтық жарыста мәреге бірінші болып жетті. Луценконың нәтижесі – 4 сағат 13 минут 11 секунд.

Қазақстан құрамасы атынан жарысқа Евгений Федоров пен Николя Винокуров та қатысты. Евгений Федоров Алексей Луценкодан 1 минут 58 секундқа қалып, күміс медаль иеленді. Қола жүлдені Жапония өкілі Юхэй Тодоме алды. Қазақстандық Николя Винокуров жарысты жетінші орында аяқтады.

Бұл – Алексей Луценконың биылғы Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Осыған дейін 20 қыркүйекте қазақстандық спортшы жекелей сын жарысында топ жарып, 41 минут 24,05 секунд нәтижемен чемпион атанған еді.

Алексей Луценко Азия ойындарына төртінші рет қатысып отыр. Ол алғашқы алтынын 2014 жылы Инчхонда жекелей сында жеңіп алды. 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында жекелей және топтық жарыста екі алтын медаль иеленді. Ханчжоудағы Азия ойындарында жекелей сында тағы да чемпион атанып, топтық жарыста күміс жүлде жеңіп алды. Енді Жапонияда спортшы өз жүлде қоржынына тағы екі алтын медаль қосты.

Осылайша Қазақстан Азия ойындары-2026 додасында жетінші алтын алып отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG