Accessibility links

БАӘ-де Қазақстанның екі азаматы қаза болды

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Шаржа қаласында Қазақстанның екі азаматы – апалы-сіңлілі екі қыз бала қаза болды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі олардың қазасын растады, бірақ себебін әзірге айтпады.

СІМ Дубайдағы дипломаттар қаза болғандардың жақындарына мәйітті елге әкелуге көмектесетінін және олардың өлімінің себебін анықтау үшін ол жақтың жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыста болатынын айтты. Ведомство "тергеу құпиясын" алға тартып, оқиғаның жай-жапсарын айтпады.

Tengrinews қаза болғандардың туыстарына хабарласқан. Олардың айтуынша, қаза болған Ақжан және Жұлдыз Боханова 2006 және 2004 жылы туған. Туыстарының сөзінше, екі қыз бала ақша табу үшін БАӘ-ға барған және осы қыркүйекте үйлеріне қайтуы керек болған. Бірақ бір апта бұрын олардан хабар үзілген.

"Бізге екі мәйіт табылғанын және біздің жақындарымыз екенін айтты. Оларды өлтірген. Күдікті де ұсталғанын, ол да Қазақстаннан екенін айтты" деп басылым туыстарының сөзінен үзінді келтіреді.

Қазақстан СІМ мен ІІМ бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Шілде айында Сербияда Қазақстан азаматы қаза болған. Туыстарының сөзінше, оның өліміне марқұмның Белградтағы таныстарының қатысы болуы ықтимал.

Маусымда АҚШ-тың Иллинойс штатында қазақстандық 24 жастағы Әсет Құралбай қайтыс болған. Оның үйінен құжаттар, банк картасы табылған. Әпкесінің сөзінше, бұған қоса "бізге бірдеңе бола қалса, мына мекенжайға құжаттарды беріңдер" деген қағаз табылған. Қазақстандықтың неден қаза болғаны белгісіз.

Айдар
XS
SM
MD
LG