Accessibility links

Байден мен Путиннің кездесуі қалай өтті?


АҚШ президенті Джо Байден (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин қол алысып жатыр. Женева, 16 маусым 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин қол алысып жатыр. Женева, 16 маусым 2021 жыл.

Сәрсенбі, 16 маусым күні Швейцарияның Женева қаласында АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин кездесті. Келіссөз төрт сағатқа жетер-жетпес уақытқа ұласып, артынан екі ел басшылары жеке-жеке баспасөз мәслихатын өткізді.

Саммит Ресейде оппозиция мен тәуелсіз баспасөз құралдарына, үкіметтік емес ұйымдарға деген қысым күшейген тұста өтті. Осыған дейін сарапшылар келіссөзден көп үміт күтпейтінін, кибершабуыл және Украина мәселелері екі елді тым алшақтатып жібергенін айтқан.

Алдын ала белгілі болғандай, келіссөз аяқталғанда ортақ баспасөз мәслихаты болған жоқ. Оның орнына мемлекет басшылары журналистермен жеке-жеке кездесті. Алдымен БАҚ өкілдерінің алдына Владимир Путин шығып, кездесу конструктивті және қастықсыз өтті деді.

Байден мен Путиннің Женевадағы кездесуі. No comment
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:53 0:00

ПУТИН НЕ ДЕДІ?

Владимир Путин тараптардың АҚШ елшісін Мәскеуге, Ресей елшісін Вашингтонға қайтару жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді. Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов еліне үш ай бұрын оралған. Оған Джо Байденнің "Путин кісі өлтіруші ме?" деген сұраққ "иә" деп жауап беруі түрткі болған.

Ал екі ай бұрын Кремль АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Джон Салливанға Вашингтонға оралып, кеңес құрып қайтуды ұсынған.

Путин сондай-ақ Мәскеу мен Вашингтонның стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту шартын жаңарту бойынша келіссөз өткізуге келіскенін айтты. Бұл екі елдің келіссөз соңынан жасаған ортақ мәлімдемесінен де көрініс тапты.

"Біз ядролық соғыста жеңімпаздың болуы мүмкін емес, мұндай соғыс ешқашан болмауы керек деген қағиданы қуаттаймыз" делінген құжатта.

Ресей президенті Владимир Путин Женевадағы саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында. 16 маусым 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Женевадағы саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында. 16 маусым 2021 жыл.

НАВАЛЬНЫЙ ТУРАЛЫ НЕ АЙТТЫ?

Ресей басшысы оппозиция лидері Навальный туралы сұраққа әдеттегідей оның атын атамай жауап берді.

"Жүйесіз оппозиция мен сіз атап өткен азаматқа келсек. Біріншіден, ол адам Ресей заңын бұзып отырғанын білді. Ол екі мәрте қылмыстық жауапқа тартылған тұлға ретінде көрініп тұруы керек еді. Ол заңның бұл талабын саналы түрде бұза отырып, шетелге емделуге шығып кетті. Билік органдары одан тіркеуге келуді талап етпеді. Бірақ ол ауруханадан шығып, интернетте видео-сюжет жариялаған соң, әлгі талап қайта күшіне енді. Ол келген жоқ, заң талабын орындамады, сосын оған іздеу салды. Ол оны біле тұра келді. Яғни ол осы қадамға ұсталатынын біле тұрып барды" деді Путин.

Билікке жақын адамдардың жемқорлығын әшкерелеп, Кремльдің бас қарсыласына айналған Навальный былтыр тамызда Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақта есінен танып, комаға түскен. Екі күннен соң оны ес-түссіз күйі Германияға емделуге әкеткен. Екі аптадан кейін ол есін жинады. Осы арада бірнеше тәуелсіз зерттеу Навальныйдың Совет одағында әзірленген "Новичок" уымен уланғанын көрсетті. Ресей қылмыстық атқару федералды қызметі ауруханадан шығып, оңалту емін алып жатқан Навальныйдан елге дереу оралуды талап етіп, келмеген жағдайда 2014 жылғы "Ив Роше" ісі бойынша шартты жазасын түрме жазасына ауыстыратынын мәлімдеген. Қаңтардың ортасында Навальный Мәскеуге оралған кезде оны бірден қамауға алып, артынша жаза шарты бойынша белгіленуге келмеді деп түрмеге отырғызды.

Путиннің Навальный "шетелге саналы түрде кетті" деген сөзі саясаткердің жақтастары арасында наразылық тудырды. Олар оны медициналық капсуламен комадан жатқан күйі әкеткенін еске салды. Кремль басшысының мәлімдемесіне Навальныйдың әйелі де пікір білдіріп үлгерді.

"Алексейдің инспекцияға барып белгіленіп отыру талабын қалай саналы түрде бұзғанын көрсететін суретті естелік ретінде сақтап қойдым" деп жазды Юлия Навальная комадан жатқан Навальныйды тасымалдау сәтін бейнелейтін суретті жариялап.

"Настоящее время" телеарнасының сюжетінде Навальный адвокаттарының саясаткердің қайда екені туралы ескерту хаттарын ФСИН-ге жібергені, тергеу қызметінің бұл хаттарды іске тіркемегені айтылады.

ABC арнасының тілшісі Ресейдің Алексей Навальный құрған ұйымдарға тыйым салуы Путиннің одан қорқатынын білдірмей ме деген сұрақ қойды. Путин өз жауабында Навальный жақтастарын сынап, оларды "Молотов коктейлі" рецептін жариялады деп айыптады.

Путиннің бұл сөзі де елеусіз қалмады.

9 маусымда Мәскеу қалалық соты Алексей Навальный негізін қалаған "Жемқорлықпен күрес қоры" (ФБК) мен Навальный штабтарын "экстремистік ұйым" деп таныған.

Путиннің сөзінше, екі тарап Украина мәселесін "үстіртін" қамтыған, бірақ Минск келісімі шартын ұстануға келіскен. Бұдан бөлек ол Вашингтонмен тұтқын алмасу бойынша келісімге келе алатынын, ол жөнінде сыртқы істер министрлерінің жұмыс істейтінін айтты.

БАЙДЕН НЕ ДЕДІ?

АҚШ президенті Джо Байден өзінің баспасөз мәслихатын Путиннен кейін өткізді. Ақ үй иесі Путинге АҚШ саясатының Ресейге қарсы бағытталмағанын, бірақ Вашингтонның адам құқығы жөніндегі кей мәселелерді елеусіз қалдыра алмайтынын айттым деді.

"Президент Путинге адамның негізгі құқықтарын қозғай беретінімізді, өйткені жаратылысымыздың сондай екенін айттым" деді ол.

"Навальный түрмеде көз жұмса не болады?" деген сұраққа Байден мұның Ресей үшін салдары ауыр болады деп жауап берді.

Оның сөзінше Путиннің әрекеттері Ресейдің әлемдік аренадағы рөлін әлсіретіп жатыр.

"Егер ол жасаған әрекетті біз де жасасақ, онда не болады?" деді Байден.

АҚШ президенті Джо Байден Женевадағы саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында. 16 маусым 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден Женевадағы саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында. 16 маусым 2021 жыл.

КИБЕР ҚАУІПСІЗДІК

Байден Путинге кибер шабуылға жатпайтын инфрақұрылымдардың 16 түрін атағанын, оның ішінде энергия және су секторлары барын айтты. Оның сөзінше, тараптар бұл жөнінде қосымша келіссөз өткізуге мәміле жасаған.

Келіссөздің күн тәртібінде кибер қауіпсіздік мәселесінің маңызды орын алуға интернеттің шабуылдардың үдеюімен байланысты. Мамыр айында АҚШ-тың ең ірі құбыр оперлаторларының біріне кибер шабуыл жасалып, елдің шығыс жағалауы бір аптаға жуық жанармайсыз қалған. АҚШ шабуылды Ресейдегі қылмыстық топ жасады, ал Мәскеу шабуылды тергеу жөнінде әріптестік танытпады деп мәлімдеген.

"Мен оған (Путинге) кибер әлеуетіміздің зор екенін, егер олар негізгі нормаларды бұзса, киберлік жолмен жауап беретінімізді айттым" деді Байден. "Меніңше, ол қырғи-қабақ соғыстың болғанын қаламайды".

АЗАТ ЕУРОПА/АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ МӘСЕЛЕСІ

Джо Байден Путинмен кездесуде Азат Еуропа/Азаттық радиосының мәселесін қозғағанын айтты.

АҚШ Ресейді АЕ/АР өкілдігін "шетел агенті" деп танып елден қумақ деп айыптайды. Мәскеу Азаттық радиосын, Америка дауысын және көптеген өзге халықаралық баспасөз құралдарын "шетел агенті" деп таныған.

"Мен сондай-ақ Азат Еуропа/Азаттық радиосының жұмыс істей алуын, баспасөз және сөз еркіндігінің маңыздылығын көтердім" деді Байден мәслихат кезінде.

Сол күні Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты АЕ/АР-дың Ресей үкіметінің үстінен түсірген шағымын тыңдауға келіскені хабарланды.

Келіссөз барысында АЕ/АР мәселесі талқыланғанын Путин де айтты. Ол Азаттық радиосы мен "Настоящее время" арнасының "шетел агенті" деп танылуы АҚШ-тың 2017 жылғы шешіміне қарымта жауап екенін айтты. Сол жылы АҚШ ресейлік Russia Today компаниясын шетел агенті деп таныған.

"Russia Today АҚШ органдары мен заңдарының талабын орындап отырғанын атап өту керек. Олар талап етілгендей тіркелді. Өкінішке қарай, америкалық медиа Ресей заңдарының талаптарын орындамай отыр" деді Путин өз баспасөз мәслихатында.

"Настоящее время" Путиннің мәлімдемелеріне фактчек жасап, АҚШ пен Ресейдің "шетел агенті" туралы заңдары бір-біріне ұқсамайды деді. Телеарна тілшісінің сөзінше, АҚШ заңы өзге елдің өкіметі тікелей не жанама басқаратын баспасөз құралын "шетел агенті" көрсе, ал Ресейде бұл тізімге кіру үшін шетел грант алудың өзі жеткілікті.

Азаттық радиосы, Америка дауысы және "Настоящее время" Ресей үкіметінің "шетел агенттері" тізіміне 2017 жылы кірген. Заң бойынша, бұл тізімге кірген баспасөз құралдарының бәрі әр материалының басында "шетел агенті" екенін ескертіп отыруы керек. Азаттық радиосы бұл талапты заңсыз деп тауып, оны орындаудан бас тартты. Ресей үкіметі бұған жауап ретінде жалпы сомасы 3 миллион доллардан асатын айыппұл салды.

"Шетел агенті" тізіміне жақын арада Meduza.io басылымы да кірген. Ресей азаматтары негізін қалаған бұл басылым Мәскеу талабын орындады-ақ. Бірақ осы жағдайдан жарнама берушілерден қағылғанын айтты.

АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин Женевадағы кездесуде.16 маусым 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин Женевадағы кездесуде.16 маусым 2021 жыл.

Женеваның Ла Гранж тарихи вилласында өткен кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 17:25 кезінде басталып, 21.00-де аяқталды. Алдымен Байден мен Путин сыртқы істер министрлерімен бірге оңаша 1,5 сағат сөйлесті. Одан кейін бір сағаттан аса кеңейтілген құрамда келіссөз жүрді.

Кездесуге Ақ үй басшысы ұйытқы болған. Джо Байден Путинмен Еуропа турының соңында кездесті. Оның алдында ол Ұлыбританияда өткен "Үлкен жетілік" жиынына (бұл жиынға Ресей қатыспайды), Бельгияда өткен НАТО саммитіне қатысқан. АҚШ президенті Женеваға Путиннің бір күн бұрын, 15 маусымда барғанымен кездесу орнына әдетте ылғи кешігіп жүретін Путиннен кейін келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG