Accessibility links

Байқоңырдағы апат "Роскосмос" жұмысын едәуір тежемек. Ғарыш айлағы қашан жөнделеді?


Кейінгі жылдары Ресей ғарыш бағдарламасы даудан арыла алмады. Жемқорлық істері, бюджеттің қысқаруы, басшылықтың саясатты ғылымнан жоғары қоюы және түрлі келеңсіз оқиғалар бағдарламаның беделін түсірді. Байқоңыр айлағындағы ұшу алаңының бүлінуі жағдайды одан әрі күрделендірді.

Ресейдің ғарышкерлерді Жер орбитасына ұшыру бағдарламасы ондаған жыл бойы инженерлік ғажайып саналды. Қолданудың қарапайымдылығы мен сенімділігі біршама астронавт пен космонавтың Жер орбитасына қауіпсіз сапарлауына жол ашты.

2011 жылы АҚШ ғарыш шаттлдарын ұшыруды доғарған соң, "Союз" және "Прогресс" кемелері Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) қатынайтын негізгі көлікке айналып, ғарышкерлер мен жүктерді тасыды және станцияның ұшу биіктігі мен бағытын реттеп тұрды.

Алайда кейінгі жылдары Ресейдің ғарыш бағдарламасы түрлі келеңсіз жайттарға тап болды. Жемқорлық даулары, бөлінетін қаржының азайғаны, түрлі деңгейдегі апаттар және басшылықтың саясатты ғылымнан жоғары қойды деп айыпталғаны ғарыш бағдарламасының беделіне нұқсан келтірді.

Жақында тағы бір оқиға болды. Өткен айда "Союз" кемесі Байқоңыр айлағынан космосқа екі ресейлік, бір америкалық ғарышкерді жеткізген еді. Бірақ ұшу кезінде жылжымалы кабина істен шығып, белгіленген қуысына кіре алмай қалған. Салдарынан кемеден шыққан от оны бүлдірген.

Бұл апат адам қателігінен болды ма, әлде техникалық ақаудан болды ма – әлі белгісіз. Бірақ Ресейдің ғарыш агенттігі – "Роскосмос" жөндеу жұмыстары қажет деді.

Апат болған 31/6 ұшу алаңы – Байқоңыр космодромында ғарышкер тасушы "Союз" кемесін ұшыра алатын жалғыз қондырғы. Сарапшылар жөндеуге ең аз дегенде бірнеше ай кететінін айтады. Бірақ бұл мерзім бірнеше жылға ұласуы әбден мүмкін.

"Егер ол құрылғы бұзылса, зымырандарды қайта ұшыра бастау үшін уақыт керек" дейді Байқоңырдағы "Союз" кемесімен ұшып көрген бұрынғы астронавт және ХҒС командирі Терри Виртс. "Бар күші соғыс машинасына жұмсалып жатқандықтан, жақын арада қайта ұшыра бастайды дегенге күмәнім бар. Бірақ бұл орыстар ғой, олар қолда бармен амалдауға бейім".

АҚШ-тағы SpaceX және Blue Origin секілді жекеменшік компаниялар станцияға ғарышкерлерді де (оның ішінде Ресей космонавтары да бар), шағын жүкті де тасымалдай алады. Бірақ олар ресейлік "Прогресс" ғарыш аппаратының жұмысын атқара алмайды, яғни станция бағытын реттеуге қауқарсыз.

Бұдан бөлек америкалық Northrop Grumman компаниясының Cygnus дейтін аппараты, Жапонияның HTV-X кемесі және Boeing компаниясының Starliner кемесі бар. Джордж Вашингтон университеті жанындағы Ғарыш саясаты институтының директоры Скотт Пейстің айтуынша, бұл кемелер ресейлік аппараттардың жұмысын белгілі бір дәрежеде атқара алады.

"Қысқа мерзімде ешқандай қиындық тумаға тиіс. Бірақ "Прогресс" миссиясындағы үзіліс ұзаққа созылса, жағдай қиындай түсуі ықтимал" дейді ол. "Қалпына келтіру мерзімі жайлы түрлі болжам естідім. Олар оптимистік алты айдан, пессимистік екі жылға дейінгі аралықта".

"Бізде ғарышкер басқаруындағы кемелерді ұшыратын бұдан өзге ғарыш айлағы мен ұшыру кешендері жоқ" дейді ірі әуе-ғарыш өндірушісі саналатын "Сухой" жобалау бюросының маманы Вадим Лукашевич.

"Ең әлсіз буын істен шығып, бәрі қирап қалды. Ресей осындай жағдайға тап болды" деді ол ресейлік BFM.ru басылымына.

ЖАЙЛЫ КҮНДЕР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Байқоңыр 70 жылға жуық уақыт бойы Совет және Ресей ғарыш бағдарламасының өзегі болды.

Қазақстанның оңтүстігіндегі жазық далада орналасқан бұл ауқымды кешен жүздеген зымыран мен баллистикалық ракетаны аспанға ұшырып, ғарыш саласындағы тарихи жетістіктердің рөл атқарды. Әлемнің алғашқы спутнигі, ғарышқа алғашқы адам Юрий Гагарин осы жерден ұшырылған.

Айлақ Совет одағы ыдырағаннан кейін де қызмет етіп келеді. Қазір оны Ресей Қазақстаннан жалға алып отыр.

Жекеменшік ғарыш компаниялары ХҒС-қа ұшуды бастағанға дейін Байқоңыр орбитаға ғарышкерлер мен жүкті жеткізетін жалғыз орын болды. Бір болжам бойынша, коммерциялық спутниктерді сенімді әрі қолжетімді бағада ұшыру арқылы Ресей кейінгі 25 жылда 10 млрд долларға жуық табыс алған.

2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін АҚШ бастаған Батыс елдері Ресей компаниялары мен шенеуніктеріне санкция жариялай бастады. Бірақ сөйте тұра НАСА мен "Роскосмос" ХҒС-ты басқару жөніндегі әріптестігін әлі жалғастырып отыр.

Бірақ станциядағы ресейлік модульде адам қолымен жасалған тесік пайда болғаны, Жерге қайтушы ғарышкерлер апатты жағдайда қонғаны, сондай-ақ беделді ғарышкердің қызметі төмендегені "Роскосмос" беделіне нұқсан келтірді.

"Роскосмосты" жылдар бойы ұлтшыл экс-депутат Дмитрий Рогозин басқарды. Оның тұсында "Роскосмос" Қиыр Шығыстағы Амур облысында Байқоңырды алмастыратын "Восточное" ғарыш айлағын салған.

Бірақ жүзеге асыру барысында жобаның құны жоғары едәуір артып, жемқорлық жөніндегі тергеу жұмыстарына ұласты. Ал 2017 жылы құрылысқа жұмылдырылған жұмысшылары жалақы төленбегеніне шағынып, ереуілге шықты да, аштық жариялады. Өткен айда электр энергиясын беруші компания ақы төленбеген деп "Восточный" кешенін жарықсыз қалдырды.

Рогозин агенттік басшылығында таңғалдырарлық қадамдарымен көзге түсті. Әуелі модульдегі тесікті америкалық астронавт қасақана жасады деп мәлімдеді. Кейін станциядағы үш космонавтқа Украина шығысындағы жікшіл күштердің туымен суретке түсуіне рұқсат беріп, НАСА-ның сынына қалды.

Көп ұзамай оны жұмыстан босатып, орнына технократиялығы басым бұрынғы вице-премьерді қойды.

27 қарашадағы мәлімдемесінде НАСА "Роскосмос" кешенде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанынан хабардар" екенін мәлімдеп, одан өзге сұрақты ресейлік агенттіктің өзіне бағыттауды ұсынды.

"НАСА Халықаралық ғарыш станциясы мен ондағы экипаж мүшелерінің қауіпсіз жұмыс істеуі үшін халықаралық әріптестермен, соның ішінде "Роскосмоспен" тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді" деді америкалық агенттіктің баспасөз хатшысы.

Байқоңырдағы ғарыш алаңы бірталай айға істен шығуы мүмкін.
Байқоңырдағы ғарыш алаңы бірталай айға істен шығуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САРАПШЫНЫҢ ПІКІРІ

Ресей 2022 жылы Украинаға басып кірген соң жарияланған Батыс санкциялары "Роскосмостың" ескіріп жатқан инфрақұрылымға қажет технология мен жабдықтарды сатып алу қабілетін шектеп тастады.

Дей тұрғанмен, "Союз" бен "Прогресс" кемелеріне қажет технологияның едәуір бөлігі Ресейдің өзіндегі өнеркәсіп кешендерінде әзірленеді. Соның арқасында Ресейдің ғарыш бағдарламасы ғаламдық нарықтан ажырап қалған жағдайда белгілі бір деңгейде амалдай алады.

Кей сарапшылардың сөзінше, билік қажет жабдықтарды Байқоңырдағы өзге кешендерден немесе "Восточный", я болмаса Ресейдің солтүстігіндегі "Плесецк" кешенінен алдыра алады. Кейінгісінен спутниктер мен зымырандар ұшырылады.

"Роскосмостың" өзі жөндеу жұмыстары сәуірге дейін аяқталады деп отыр. Бірақ бұған күмән келтіретін сарапшылар көп.

Қазақстандық "Ғарыш зерттеулері мен технологиялары" журналының бас редакторы Нұрлан Әселқанның айтуынша, егер процесс жылдам жүрсе, жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталуы мүмкін.

"Қаншалық шындыққа жанасатынын айту қиын" дейді ол.

Оның сөзінше, инженерлер бүлінген кабинаға қажет жабдықтарды Ресейдің Тамбов облысындағы әуе-ғарыш әскери базасынан тауып, оны қазір Қазақстанға жіберуге асығып жатқан болуы мүмкін.

Әселқанның айтуынша, осы апаттан кейін ресейлік агенттік ес жиып, жоспарының ауқымын тарылтуы ықтимал.

"Меніңше, бұл апат белгілі бір деңгейде "Роскосмосты" шынайы жағдайды қабылдауға итермелеп отыр. Өйткені осы апат ["Восточный"] ғарыш айлағында толықтай жаңа инфрақұрылым, жаңа зымырандар, жаңа кемелер жасап шығару амбициялары қолда бар мүмкіндікке сәйкес келмейтінін көрсетті" дейді ол.

Сарапшының пікіріне қарағанда, "алдағы уақытта Байқоңыр "Роскосмос" үшін негізгі ғарыш айлағы болып қала бермек".

9 желтоқсан күні "Союз" аппараты ХҒС-тағы екі ресейлік, бір америкалық ғарышкерді қазақ жеріне қондырды. Бұл кеме мұндай жұмысты бұған дейін талай атқарған.

XS
SM
MD
LG