АҚШ Иранға соғысты тоқтату жөніндегі 15 тармақтан тұратын жоспар жіберді. Бұл жөнінде Израильдің "12-арна" телеарнасы мен The New York Times басылымы хабарлады. Ресми түрде Вашингтон бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ.
"12-арнаның" мәліметі бойынша, құжатта мынадай шарттар бар: Иран ядролық қару әзірлеуден және уранды байытудан бас тартады; байытылған уран қорын және оған қатысты барлық ақпаратты Халықаралық атом энергиясы агенттігіне тапсырады; Натанз, Исфахан және Фордо қалаларындағы ядролық нысандарды жояды; өзіне жақын топтарды қаржыландыруды тоқтатады; Ормуз бұғазын ашады; зымыран өндірісін шектейді, олардың ұшу қашықтығын қысқартады және оны тек өзін-өзі қорғау мақсатында қолдануға кепілдік береді.
The New York Times мәліметіне сәйкес, АҚШ пен Иран арасындағы негізгі делдал Пәкістан құрлық әскерлерінің қолбасшысы Асим Мунир болған. Ол 2025 жылы президент Дональд Трамппен екі рет кездескен. Фельдмаршал Мунирдің Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) ұйымымен тығыз байланысы бар деп есептеледі, бұл оған соғысып жатқан тараптар арасында хабар алмасуға мүмкіндік береді.
Бұл жоспар Иран мен Израиль келіссөздеріне негізі болды ма, бұл жағы белгісіз.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, биліктегі ықпалын күшейткен ИРСК өз талаптарын алға тартқан. Олардың қатарында — Парсы шығанағындағы барлық АҚШ базаларын жабу, Иранға жасалған шабуыл үшін өтемақы төлеу, Ормуз бұғазы арқылы өтетіндерге ақы енгізу, Израильдің "Хезболлаға" соққыларын тоқтату, Иранға салынған санкцияларды алып тастау және өзінің зымыран бағдарламасын дамыту ұсыныстары бар.
Газеттің мәліметінше, Түркия, Египет және Пәкістаннан келген делдалдар алдағы 48 сағат ішінде АҚШ пен Иранның ресми тұлғалары арасында кездесу ұйымдастыруды сұрап отыр, алайда тараптар әзірге бұған келіспеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін өз әкімшілігі Ирандағы "қажет адамдармен" келіссөз жүргізіп жатқанын, олардың мақсаты — соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізу екенін мәлімдеген.
АҚШ жағынан оған арнайы уәкіл Стив Уиткофф, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен қоса вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио қатысып жатыр. Иран жағынан келіссөзге кім қатысқаны айтылмайды. Трамп тек "жаңа адамдармен" сөйлесіп жатқанын ескертті.
Оның айтуынша, келіссөзге қатысқан адамдар АҚШ-қа "үлкен сыйлық жасаған" және ол сыйлық мұнай өткізетін Ормуз бұғазымен байланысты.
Ақпан айының соңында АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операцияны бастағаннан кейін Иран бұл бұғазды іс жүзінде жауып тастаған болатын.
Тегеран АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқанын жоққа шығарады.
Financial Times басылымы Иран сыртқы істер министрлігі Халықаралық теңіз ұйымына мүше елдерге хат жолдағанын жазған. Онда "дұшпан емес кемелерге" "Иран билігімен үйлестіру арқылы" Ормуз бұғазымен өтуге рұқсат берілетіні айтылған. Хатта Тегеран "агрессорлар мен олармен жақтас тараптардың Ормуз бұғазын дұшпандық операцияларына пайдалануына жол бермеу" мақсатында осындай шараға барғаны ескертілген.