АҚШ пен Иран Ормуз бұғазының жұмысын қалпына келтіру бойынша келісімге жақындады. Бұл жөнінде "Үлкен жетілік" елдерінің өкілдері мен шенеуніктеріне сүйенген Bloomberg пен CBS News хабарлады.
Дереккөздің хабарлауынша, құжат өзара түсіністік туралы меморандум түрінде қабылданбақ. Дереккөздердің бірі Bloomberg агенттігіне құжатқа Женевадағы немесе Франциядағы кездесу кезінде қол қойылуы мүмкін екенін айтқан. Дегенмен Тегеран әзірге түпкілікті түрде келісімін бермеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранмен бейбіт келісімге алдағы демалыс күндері Еуропада қол қойылуы мүмкін екенін айтқан еді.
Axios-тың жазуынша, меморандумның мазмұны келісілген, бірақ тараптар түпкілікті түрде оны мақұлдауы керек. Құжат жобасына сәйкес, Иран ядролық қарудан бас тартып, байытылған уран қоры мәселесін реттеу міндеттемесін алады. Есесіне АҚШ санкцияны жұмсартып, экономикалық әріптестікті қалпына келтіруді қарастырады.
Құжат сонымен бірге Ормуз бұғазын жарнасыз халықаралық кеме қатынасына ашуды қарастырады. Ондағы тасымал көлемі соғысқа дейінгі деңгейге жетуі керек. Есесіне Вашингтон Иран порттарын ашуға тиіс.
Bloomberg-тің жазуынша, меморандум бұл процестің алғашқы кезеңі және ол АҚШ пен Иран арасындағы 60 күндік келіссөз кезеңіне жол ашады.
Иранның сыртқы істер министрлігінің өкілі тараптар атысты тоқтату бойынша келісімге келуде ілгерілегенмен әзірге түпкілікті келісім жоғын айтты.
Шешілмеген мәселелердің бірі – Иранның шетелде бұғатталған активтері мәселесі. Тегеран оның бір бөлігін бірден пайдаланғысы келеді, ал АҚШ оны біртіндеп ашуды ұсынады. CNN дереккөзінің айтуынша, АҚШ-ты Иранға активтерін бермеуге Израиль үгіттеп жатыр.