Accessibility links

БАҚ: АҚШ пен Қытайдың қарызы БҰҰ-ны қаржы дағдарысына әкелді

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы (көрнекі сурет)
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы (көрнекі сурет)

Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі бюджетінің шамамен 42 пайызына тең қаржы беріп келген екі ірі донор – АҚШ пен Қытайдың төлемдері кешігуіне байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр деп жазды The Wall Street Journal.

Басылым мәліметі бойынша, АҚШ БҰҰ-ға 4 миллиард доллардан астам қарыз және сонымен бірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қоса алғанда, бірнеше бағдарламаға қатысуын қысқартқан. Қытай жақында 850 миллион доллар төлегеніне қарамастан, ұйымға әлі де шамамен 455 миллион доллар қарыз.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйым тамыз айының ортасында қаржы тапшылығына тап болуы мүмкін екенін ескерткен.

Қаржы тапшылығына байланысты БҰҰ шығындарды ауқымды түрде қысқартуды бастады: кеңселер жабылып, шамамен 3000 хатшылық лауазымы қысқарып, тәржімашы қызметі мен бейбітшілікті қолдау операцияларына жұмсалатын шығындар азайтылған. Ұйым сонымен қатар белгілі бір аймақтардан контингенттерді шығаруды жеделдетіп, бейбітшілікті қолдау миссияларына әскерін қосатын елдер өкілдеріне – "көк дулығалыларға" төлемдерді кейінге қалдырып отыр.

Жағдайды БҰҰ-ның қаржыландыру құрылымы күрделендіріп отыр. Ұйым қарыз ала алмайды және шығындарының айтарлықтай бөлігі қызметкерлерге жұмсалады. Сонымен қатар, мүше мемлекеттер БҰҰ-ның мандаты мен бағдарламаларын қысқартуға келіскеннен гөрі кеңейтуге бейім.

Вашингтон көпжақты институттарды қолдауын жалғастырып отыр, бірақ ауқымды реформалар жүргізуді және тиімділікті арттыруды талап етеді. Ұлыбритания, Германия, Швеция және Нидерланд сияқты басқа донорлардың жарналарының азаюы да ұйымның бюджетіне қосымша қысым түсіріп отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG