Accessibility links

БАҚ: АҚШ Трампқа қастандық жасау қаупі жайлы Израильдің барлау дерегіне күмән келтіреді

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен вице-президент Джей Ди Вэнс
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен вице-президент Джей Ди Вэнс

АҚШ билігі президент Дональд Трампқа Иран қастандық жасауы мүмкін деген Израильдің барлау мәліметтері толық сенімді деуге келмейді деп есептейді. Мұны америкалық шенеуніктердің сөзіне сүйеніп The Wall Street Journal жазды.

Ақ үйдің кейбір өкілдері Израиль бұл ақпаратты Вашингтонды Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны қайта бастауға итермелеу үшін пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді, дейді басылым.

Дереккөздер жекеленген барлау деректері үздік-создық мәлімет қана беретінін айтқан, ал олардың пікірінше, Трампқа қастандық жасалатын болса, ондай әрекетке АҚШ қатаң әскери қарымта қайтаратыны сөзсіз екенін Тегеран біледі.

Израиль тарабы әзірге бұл ақпаратқа байланысты пікір білдірмеді.

Трамп әзірге Иранмен жанжалды дипломатиялық жолмен реттеуге басымдық беріп отыр, ал Израиль Иранға жаңа шабуылдар жасауға мүдделі және ондайға дайын болғанды жөн санайды, деп жазды WSJ.

Дегенмен, қастандық қаупі бар деген ақпарат АҚШ президентінің қауіпсіздік шараларын күшейтуге себеп болған. Газет дерегінше, Түркиядағы НАТО саммитінен кейін Трамп бұған дейін өзіне Қатар сыйға тартқан жаңа ұшақпен емес, бұрынғы Air Force One ұшағымен ұшқан.

Осының қарсаңында Иранның қазіргі жоғарғы көшбасшысы Мұжтаба Хаменеи марқұм әкесі аятолла Әли Хаменеидің және 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдары салдарынан қаза тапқан өзге адамдардың өлімі үшін "кек алатынын" мәлімдеген еді. Оның алдында Трамп егер өзіне қастандық жасалған жағдайда Иранды нысанаға алған 1000 зымыранды толық әскери дайындыққа келтіруді бұйырғанын хабарлаған.

Politico АҚШ әкімшілігі Иранмен өзара түсіністік туралы меморандумның бұзылғанын қаламайды деп жазды. Басылым мәліметінше, егер келіссөздер сәтсіз аяқталса, негізгі саяси жауапкершілікті Тегеранмен диалогтағы маңызды тұлғалардың бірі саналатын вице-президент Джей Ди Вэнск көтеруі мүмкін.

Айдар
XS
SM
MD
LG