Accessibility links

БАҚ: биліктегі Amanat партиясы "Әділетпен" бірігуді талқылап жатыр

Биліктегі Amanat партиясы 6 маусымда саяси кеңестің шұғыл отырысында жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен бірігуді талқылады. Ақпаратты BES.media сайтына мәжіліс депутаты, партияның саяси кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров растаған.

Оның сөзінше, саяси кеңес мүшелерінің көбінің пікірі президентті қолдайтын электоратты бөліп-жаруға болмайды дегенге саяды.

"Қазіргі кезде саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі саяси бірігуді қолдап отыр. Менің ойымша, осындай шешім қабылданатын сияқты... Мұны съезд шешеді. Бірақ саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі президентті қолдайтын электоратты бөліп-жаруға болмайды деп санайды. Сондықтан алдағы кезде партиялар бірігуі мүмкін" деді Саиров сайтқан.

Дегенмен Amanat-тың ресми сайтындағы хабарламада партиялардың бірігуі жөнінде ештеңе айтылмайды. Онда тек "партияның саяси кеңесі президенттің күн тәртібі төңірегінде топтасуға шақырғаны" жазылған.

Қазақстанда жақында жаңадан құрылған "Әділет" партиясы мемлекеттік тіркеуден өткенін 1 маусымда хабарлаған. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай төраға болған.

Партия өзін президентті жақтайтын және "әділ Қазақстан" үшін күресетін партия ретінде көрсетеді. Жаңа ұйым "президенттің стратегиялық бағытын институционалдық қолдаушы" болғысы келетінін айтады. Партияның саяси кеңесінде "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, белгілі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева, "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Ирина Тен, саясаттанушы Марат Шибутов, президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуова бар.

Қазір Қазақстанда ресми тіркелген сегіз партия – Amanat, "Ақжол", "Ауыл", Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, Қазақстан халқы партиясы (коммунистер), "Ауыл", "Байтақ" және "Әділет" бар. 2023 жылғы парламент сайлауында тізімдегі алғашқы алты партия мәжіліске өткен.

Айдар
XS
SM
MD
LG