Accessibility links

БАҚ: Еуроодақ Ресейдің сұйылтылған газын алуды арттырған

Таяу Шығысты соғыс есеңгіретіп тастаған шақта Еуроодақ елдері 2026 жылдың бірінші тоқсанында Ресейдің сұйылтылған табиғи газын (СТГ) импорттауды айтарлықтай арттырған. Мұны Kpler талдау компаниясы деректеріне сүйеніп Financial Times жазды.

Басылым келтірген мәліметке сәйкес, қаңтар мен наурыз айлары аралығында "Новатэк" компаниясына тиесілі ресейлік "Ямал СПГ" жобасынан жөнелтілген барлық жүктің 97 пайызы Еуроодақ үлесіне тиеді. Жалпы алғанда, Еуропа одағына шамамен 5 млн тонна отын жеткізілген, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 17 пайыз көп. Негізгі қабылдау порттары – Зебрюгге (Бельгия), Монтуар, Дюнкерк (Франция), Бильбао (Испания) және Роттердам (Нидерланд) деп жазды газет. Бағалау бойынша, жеткізілген отынның жалпы құны 3 млрд доллардан асады.

Наурыз айында, Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы операциясы салдарынан Қатар сұйылтылған табиғи газ жөнелтуді қысқартқан кезде, Еуроодаққа 1,5 млн тонна ресейлік газ жеткізілген.

Бұл Еуроодақтың 2027 жылға қарай Ресей газынан, соның ішінде сұйылтылған табиғи газдан толық бас тарту жоспарына қарамастан жүзеге асып отыр.

Еурокомиссия бұған дейін әлемдік нарықта ұсыныстың қысқаруы мен отын бағасының өсуіне қарамастан, ресейлік газдан бас тарту жоспарын қайта қарамайтынын айтқан еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG