Accessibility links

БАҚ: Каспийде қаза болғандардың отбасына берілетін өтемақы мөлшері жарияланбайды

Маңғыстау облысында оқу-әскери жаттығу кезінде қаза болған немесе жарақат алған әскери қызметкерлердің отбасына берілетін өтемақы мөлшері, сонымен бірге көмек алушылардың жеке деректері олардың туыстарының өтініші бойынша және құпиялылықты сақтауға байланысты жарияланбайды. Бұл туралы Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі және Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді деп жазды Lada.kz.

«Отбасы мен туыстарының бұл шешіміне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Комиссияның жұмысы аяқталды. Түскен барлық қаражат белгіленген рәсімдерге сәйкес бөлінді және тиісті шешімдер құжатталды» деді ол.

Бекмұрат Жүсіповтің сөзіне қарағанда, қорға түскен барлық қаражат көлемі әділ әрі тең үлестірілген.

"Комиссия барлық кезеңде қатаң бақылауды қамтамасыз етті" деді ол.

24 қыркүйекте Каспийдегі әскери жаттығу кезінде күн бұзылып, қайықтан суға түскен 17 сарбазды қатты толқын ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Бейбіт заманда жас азаматтардың қазаға ұшырауы қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желіде жұрт билік пен әскери басшылықты сынға алды. Осыдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігі басшылығын түгел ауыстырған.

Бұдан бөлек, Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырған. Сарбаздар қазасына себеп болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бес әскери басшы: әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері күдікті ретінде ұсталған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG