Accessibility links

БАҚ: Мексика Ресейдің АҚШ-қа қарсы тыңшылық орталығына айналды


Мексиканың Канкун қаласындағы курорт (көрнекі сурет)
Мексиканың Канкун қаласындағы курорт (көрнекі сурет)

Мексика өз аумағында дипломат атын жамылып жұмыс істеп жатқан жиырма шақты ресейлік барлау қызметкерін елден шығарып жіберуді сұраған АҚШ-тың өтінішін орындаудан бас тартқан. Мұндай деректі америкалық билік өкілдерінің айтқанына сүйеніп The New York Times басылымы жазды.

Газеттің дерегінше, 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Мексикадағы ресейлік барлау белсенділігі күрт артқан. Кейінгі жылдары АҚШ аумағынан қуылған жүзден астам ресейлік агенттердің көбін Мексика өз жерінде орналасқан Ресейдің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкері ретінде қабылдаған. Жыл сайын миллиондаған америкалық азамат демалысын өткізетін Мексика аумағы, газет сөйлескен адамдардың айтуынша, АҚШ-та жұмыс істейтін агенттермен кездесуге мүмкіндік беретін база ретінде таптырмас орын саналады. Вашингтонның алаңдағаны соншалық, биыл тамызда АҚШ-тың Мехико қаласындағы елшілігі жанынан Ресей агенттерінің Мексикадағы іс-әрекетін бақылайтын "Ресейді бақылаушы" қызметі жаңадан енгізілген.

The New York Times басылымы Мексика үкіметіне 20 шақты ресейлік барлау қызметкерлерінің аты-жөні жазылған тізім берілген деп жазды. Ол тізімді АҚШ-тың Орталық барлау агенттігі (CIA) әзірлеген. Алайда Мексика билігі ондай тізім алмағанын айтып, АҚШ тарабы әсірелеп көрсетіп, бекер алаңдап отыр деген. Мексиканың арнаулы қызметтері есірткі картельдеріне қарсы күресті басты назарда ұстап отырғаны айылады. Мұндай жағдайда, "қырғи-қабақ соғыс" жылдарында совет барлау агенттерінің белсенді орталықтарының бірі болған, "Латын Америкасының Венаcы" атанған Мексика қазіргі кезде де Ресей арнаулы қызметтерінің іс-әрекетіне қолайлы жер болып отыр де жазды басылым.

"Мексика үкіметі кейбір нәрседе көмектесті, бірақ олар бұдан әлдеқайда көбірек іс тындыра алар еді", – деген газетке берген сұхбатында бұрын Джо Байден АҚШ президенті болып тұрғанда Ақ үй әкімшілігінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде қызмет атқарған Хуан Гонсалес.

XS
SM
MD
LG