Қырғызстанның бұрынғы премьері Данияр Үсеновтің ұлы Урмат Үсенов заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру ісі бойынша күдіктілердің қатарында. Бұл жөнінде Kaktus.media жазды. Онымен бірге тағы үш күдікті – Қырғызстанның екі азаматы және Қазақстанның бір азаматы бар.
Тергеу болжамынша, олар қылмыстық топтың мүшелері ретінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан болуы мүмкін. Алматы қаласының мемлекеттік кіріс департаментінің мамандары 26 млн теңге көлемінде шығын келді деп отыр. Бұған қоса, тергеу аясында құны 46 млн теңге болатын 1,6 тоннадан астам кальяндық темекі тәркіленген.
Наурызда Алматы соты күдіктілерді екі айға қамаған.
Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.
Урмат Үсеновтің әкесі Данияр Үсенов 2009-2010 жылдары Қырғызстанның премьер-министрі болған. 2010 жылы сәуір революциясынан кейін отставкаға кеткен. Кейбір БАҚ оның елден кеткенін жазған.
Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі
Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі
2010 жылы сәуірдің 6-сы күні Қырғызстанның Талас қаласында басталған наразылық ел аумағындағы жаппай толқуға, толқу соңы төңкеріске ұласып, 2005 жылғы «Қызғалдақ» революциясы арқылы билікке келген президент Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-сі күні елден қашып кетті. Сәуірдің 7-сі күні ел астанасы Бішкекте көтеріліске шыққан халықты баспақ болған полиция оқ жаудырып, 100-ге жуық адам қаза тауып (ресми дерек бойынша 87 адам), мыңнан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.