Accessibility links

БАҚ: Ресейде қысқарту тұсында шенеуніктер өздерін соғысқа жібере ме деп қауіптенеді

Мобилизация туралы сыбыс тараған шақта Ресейде шенеуніктер шетел банктерінен шот ашып, активтерін шетелге шығарып, туыстары мен достарын елден кетуге үгіттеп жатыр. 18 қыркүйекте өзінде бар құжаттарға сүйенген Bloomberg басылымы осылай деп жазды.

Бұған қоса, президент Владимир Путиннің бастамасымен аймақтарда штаттағы мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту шенеуніктер арасында қысқаруға ілінгендерді майданға аттандыра ма деген қауіпті ұлғайтқан. Мұны да ақпарат агенттігі құжаттарға сүйеніп жазады.

Дегенмен басылым нақты қандай құжатқа сүйенгенін ашып жазбайды.

Кейінгі айларда Ресейде мобилизация болатыны жайлы сыбыс үдеген шақта көрші елдерге ресейліктердің кетіп жатқаны туралы ақпарат шыққан. Тамыз айында Ереван "әскерден жалтарған ресейліктерді қабылдауға әзірміз" деп мәлімдегеннен кейін Ресей Арменияны "арандату сипатындағы мәлімдеме жасады" деп айыптаған.

Владивостокта 3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумының пленарлық сессиясында Ресей басшысы Владимир Путин мобилизация туралы сыбысқа қатысты тағы түсініктеме берді. "Мобилизацияны қажетсінетіндей сценарий жоқ" деді ол. Ресей басшысы мұны "мемлеккеттік дума сайлауы қарсаңында нәтижесіне ықпал ету үшін жасаған қарсыластардың ақпараттық шабуылы" деп атаған.

Дегенмен 2022 жылғы ішінара мобилизация туралы жарлық іс жүзінде әлі күшінде. Ресейліктер соғысқа шақыру, әскери жиын мен соғысқа тарту әрекеттері әлі тыйылмағанын айтып келеді. Z-арналар шілдеде соғысқа күштеп шақыру 1.2 млн ресейлікке қатысты болуы мүмкін деп жазған.

Тамызда Соғысты зерттеу институты (ISW) Ресей әскерінің шығыны қатарынан екі ай 40 мыңнан асқанын жазған. Дереккөзге сүйенген Financial Times жазуынша, Кремль мен Ресей қорғаныс министрлігі аймақтарға 2026 жылдың соңына дейін келісімшарт бойынша 409 мың әскери қызметкерді жинауды тапсырған.

Айдар
XS
SM
MD
LG