Егер Тегеран Вашингтон қойған талаптарға келіспесе, Дональд Трамп Израильмен бірігіп, алдағы апталарда Иранға қарсы соғыс ашуы мүмкін. Бұл жөнінде Ақ үйдегі дереккөздерге сүйенген Axios басылымы жазды.
"Бастықтың шыдамы таусылайын деді. Оның айналасындағылардың кейбірі Иранмен соғыстан аулақ болуға кеңес береді, бірақ менің ойымша, алдағы бірнеше аптада әскери қимылға көшу ықтималдығы 90 пайызды құрайды" деді АҚШ президенті кеңесшілерінің бірі.
Axios мәліметінше, АҚШ-тың әскери операциясы бір реттік әуе соққысынан ғана тұрмайды, ол Израиль әскері қатысатын ірі әскери кампанияға айналуы мүмкін.
Кейінгі апталарда АҚШ Тегеранға қысым жасау үшін Таяу Шығысқа, әсіресе Парсы шығанағы аумағына біраз әскери күштерін жіберген. Батыс әскери сарапшыларының жазуынша, соғыс тұтанған жағдайда Американың алғашқы соққысына 200-250 ұшақ қатысуы мүмкін. Ал АҚШ Израильмен күш біріктірсе, шабуылдаушы ұшақтардың саны 400-ге жетуі мүмкін. Бұл 2025 жылы жазда Израиль мен Иран арасындағы 12-күндік соғысқа қатысқан әуе техникасы санынан екі есе көп.
АҚШ президенті Дональд Трамп өткен аптада Тегеранда режимнің толық ауысуы "Иранда болуы мүмкін ең жақсы нәрсе" деген еді. Ал Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи АҚШ-тың Иран үкіметін биліктен тайдыруға тырысқан кез келген талпынысы сәтсіздікке ұшырайды деген.
Осы тұста Ресей, Қытай мен Иран ғаламдық мұнай тасымалы үшін маңызды бағыт – Ормуз бұғазында ортақ "Қауіпсіздік белдеуі" атты әскери-теңіз жаттығу өткізетінін хабарлады. Ол 19 ақпанда басталады деді Иран әскери теңіз күштерінің адмиралы Хасан Мақсұтқа сүйенген ирандық Mehr және Fararu ақпарат агенттіктері. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ресейлік "Стойкий" атты соғыс кемесі Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас портында жанармай құйған. Ол жақтан кемелер Парсы шығанағына шығады.
Десе де, Оман мен Швейцарияда Оманның араағайындық етуімен Вашингтон мен Тегеран арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз жалғасып жатыр. Америка және Иран өкілдерінің соңғы кездесуі 17 ақпанда Женевада өткен. Келіссөз аяқталғаннан кейін Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи "жұмыс әлі аяқталған жоқ", бірақ екі елдің өкілдері "негізгі бағыт бойынша түсіністікке қол жеткізді" деді. Иран ақпарат құралдарына Аракчи десе де, бұл тараптар жақын арада келісімге келеді деген сөз емес деді.