Accessibility links

БАҚ туралы заңға түзетулер: Құрылтай үкіметтік емес ұйымның көмегінен бас тартты

Астанада шоғырланған "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қоры масс-медиа және онлайн-платформалар туралы заңдарға түзетулер енгізу бойынша жұмыс тобына қатысуға ниет білдірген. Алайда өтініштері қабылданбады. Бұл жөнінде 5 қарашада қордың өкілдері хабарлады.

"Ресми түрде сыпайы хат жіберді. "Жұмыс тобының құрамы жасақталып, бекітіліп қойыпты" және бәрі баяғыдан бері жемісті жұмыс істеп жатыр екен" деп хабарлады қордың құқық қорғаушылары Диана Окремова мен Гүлмира Біржанова.

Олар жұмыс тобының құрамында тәуелсіз сарапшылар бар ма деген сұрақ қояды.

"Құрылтайда адам құқығы саласындағы сараптаманы ешкімнің қажетсінбейтіні белгілі болды. Жұмыс тобының құрамында журналистер, үкіметтік емес ұйымдар немесе тәуелсіз сарапшылар бар ма екен? Әлде заңдардың тағдырын «өз адамдарынан» құралған шағын топ шеше ме?" деп сұрақ қояды қор өкілдері.

Диана Окремова алдыңғы жылдары масс-медиа, онлайн-платформалар, ақпаратқа қолжетімділік туралы заңдар қабылданған кезде қоғамдық қор жұмыс тобының құрамында болғанын еске салады. Енді депутаттар басқа пікірді ескергісі келмейтін сияқты дейді ол.

"Осыдан кейін мемлекет ашық, транспарентті және жауапты болуға тырысады деп айту күлкілі" деп түйіндейді қордың басшысы.

Әзірге Құрылтай үкіметтік емес ұйымды жұмыс тобына кіргізбеу себебін түсіндірген жоқ.

Мұндай ақпарат елде тәуелсіз журналистерге қысым күшейіп, ақпарат құралдарының жұмысы күрделенген тұста шығып отыр. Қазір басқасын айтпағанда, Құрылтай ғимаратында депутаттарға өз бетінше сұрақ қоюға тыйым салатын ереже күшінде. БАҚ өкілдеріне ғимаратта депутаттармен тек ұйымдастырылған баспасөз жиынында және тек белгіленген күн тәртібі туралы сөйлесуге рұқсат етіледі деген жаңа талап енгізілген. Бұған дейін осы ережені орындамаған тілшілердің біріне ескерту берілген еді.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мен сөз бостандығын және адам құқықтарын қорғайтын қазақстандық ұйымдар бұл шектеулерді алып тастауды талап етті. Ал парламент қызметкерлері ол талаптар журналистерді аккредиттеу ережелері мен БАҚ туралы заңға сүйеніп қабылданғанын айтқан.

Көктемде билік «Масс-медиа туралы» заңға өзгерістер енгізілетінін, оның жаңа Конституцияға сәйкестендірілетінін айтқан еді. Жуырда Құрылтайда "Масс-медиа туралы" және "Онлайн-платформа және онлайн-жарнама туралы" заңдарға өзгеріс енгізуді қарастыратын заң жобасы қаралып жатқаны хабарланған. Жаңа өзгерістердің арасында 5 мыңнан астам жазылушысы бар парақшаларды тіркеу, әлеуметтік желідегі балағат сөздерге жауапкершілік енгізу, онлайн-платформаларға айыппұл салу және бұғаттау тетігі және өзге де ұсыныстар бар.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG