Accessibility links

БАҚ: ҰҚК Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған әйелді ұстады

Павлодарда сепаратистік сипаттағы видеоны таратты деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми жауабына сүйенген Tengrinews сайты хабарлады.

Ақпарат құралдарының жазуынша, бұған дейін әлеуметтік желіде қазақ халқының намысына тиетін сөз айтып, Қазақстанның территориялық тұтастығы тақырыбын қозғаған әйел адамның видеосы тараған. Ол Ресейден Қазақстанға әскер кіргізуді де сұраған.

ҰҚК хабарлауынша, әйел адам 28 қазанда ұсталған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. ҰҚК хабарлауынша, әйел адам бұған дейін есірткі бойынша да сотталған.

Ел ішінде жікшілдік тудыратын фактілер Қылмыстық кодекстегі алауыздықты қоздыру ( 174-бап) және сепаратистік әрекет (180-бап) баптары бойынша тергеліп, жазаға тартылады. Сепаратизм үшін жазаны күшейткен 180-бап заңға 2014 жылы – Украинадағы жікшіл аймақтар пайда болған уақытта енген.

Сепаратизм – ауыр қылмыс. Оған сәйкес, 10 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Былтыр көктемде "Қостанай – Ресейдің жері және Ресей алдағы 10 жылда бұл жерді қайтарып алады, Қазақстанда азамат соғысы басталады" деген азаматтың үстінен қозғалған іс тоқтатылған еді. Ішкі істер министрлігі сол кезде "сарапшы құқық бұзушылық таппаған болуы мүмкін" деген еді.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының 20 шақты тұрғыны "өздерін СССР-дың мұрагері деп атап, "Петропавл еңбекшілерінің халықтық кеңесін" құруды жариялаған. Кейін олардың төртеуі жеті жылдан тоғыз жылға дейін сотталды.

2022 жылы "Орал, Петропавл, Павлодар және өзге [аймақтарды] Ресейге беру керек" деп жазған Орал тұрғыны Максим Яковченкоға сепаратизм бабымен іс қозғалған. Іс сотқа түскенде Яковченконың Ресей кетіп қалғаны, кейін босқын мәртебесін алғаны белгілі болды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG