Ресейдегі ең ірі Wildberries маркетплейсіне және онымен серіктес сатушыларға украиналық дрон шабуылдары әкелген шығынның жалпы көлемі 600-800 млрд рубльге дейін жетуі мүмкін. Мұны Data Insight зерттеу агенттігінің жетекші сарапшысы Сергей Семконың бағалауына сүйеніп Forbes жазды.
Сарапшының есебінше, Wildberries-тің қоймалары мен логистика инфрақұрылымын қалпына келтіруге 147-223 млрд рубль қажет болуы мүмкін. Егер бүлінген нысандарды толықтай бұзып, қалдықтарды шығару және аумақты рекультивация жасау қажет болса, шығын көлемі 278,9 млрд рубльге дейін өсуі ықтимал.
Ал маркетплейспен серіктесіп жұмыс істейтін сатушылардың алдын ала есептелген шығын көлемі 445–507,8 млрд рубльге жетуі мүмкін.
Бұған дейін Ресейдің электронды сауда алаңдарына тауар жеткізушілер қауымдастығының (АПТЭП) басшысы Маргарита Евстигнееваның бағалауы да осыған ұқсас шыққан деп жазды DW. Евстигнеева Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан 400 мыңнан астам сатушы зардап шеккен деді. Олар айрылған табысты қоса есептегенде, келген шығынның жалпы көлемі 600-700 млрд рубльге жетуі мүмкін.
Украина қарулы күштері шілде айының ортасынан бері Ресейдің түрлі өңіріндегі Wildberries логистикалық орталықтарына дронмен тұрақты түрде шабуыл жасап келеді. Reuters агенттігі спутниктен түсірілген суреттерді талдап, маркетплейс Ресейдегі қоймаларының шамамен 20 пайызынан айырылған болуы мүмкін деген қорытынды жасады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Wildberries қоймалары санкцияға іліккен заттарды, дрон шығаруға қажет бөлшектерді, навигация жабдықтарын және өзге де әскери мақсаттағы өнімдер жеткізуге пайдаланылып отыр деп мәлімдеген.