"Бақылаушы көбейген сайын жемқорлық та көбейе береді". Экономистпен сұхбат

Құрылыс салып жатқан жұмысшылар (көрнекі сурет)
Құрылыс салып жатқан жұмысшылар (көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген "Халықтық құрылыс" халықтың игілігіне айнала ма? Оның экономикаға әсері қандай болады? Инфляцияны өршітіп жібермей ме? Үкімет өткеннен қандай сабақ алды? Осы тақылеттес сұрақтарға экономист Сапарбай Жұбаев жауап берді.

Азаттық: Сапарбай мырза, президенттің өзі "экономиканы көтерудің жалғыз жолы — құрылыс" деп отыр. Маман ретінде түсіндіріп берсеңіз, Тоқаевтың "Халықтық құрылыс" жобасы Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?

Экономист Сапарбай Жұбаев
Экономист Сапарбай Жұбаев

Сапарбай Жұбаев: Негізінен, құрылыс — Қазақстан экономикасының алғышарттарының бірі деуге болады. Себебі совет дәуірінде де, одан бұрынғы кезеңдерде де Қазақстанда ауқымды құрылыс болған емес.

Халыққа түсінікті болу үшін бір ғана тұрғын үй мәселесін алайық. Совет дәуірінде әр адамға небәрі 16 шаршы метрден үй салып, "осы жеткілікті" деген өлшем қойған. Бүгінде, тәуелсіздіктің 35 жылына жақындағанда, біз оны әрең дегенде 22 шаршы метрге жеткіздік. Ал өркениетті Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш әр адамға 45-50 шаршы метр.

Оның үстіне бар дүниенің өзін тиімді пайдаланбай жатырмыз. Моноқалалардағы тұрғын үй есепте тұр, бірақ ол жерден адамдар кетіп қалған; солтүстіктегі ауылдарда да үй есепте бар, ал тұрғындары қалаға көшіп кеткен. Сондықтан осы 20-21 шаршы метрді ең болмаса 30-ға жеткізу үшін жылына әр адамға бір шаршы метрден салуымыз керек.

2021-2022 жылдары зейнетақы қорынан өте үлкен қаржы бөлінді де, біз жылдық құрылысты 20,5 млн шаршы метрге жеткіздік. Ал биыл үкімет 19,5 млн шаршы метр деп отыр, яғни тұрғын үй құрылысының қарқыны сәл бәсеңдеді. Қалған құрылысқа — мектеп, аурухана, кәсіпорын салуға келсек, соңғы кезде тікелей шетелдік инвестиция азайып барады. Себебі бұрын шетелдік инвесторлар көбіне шикізатқа ақша салатын, ал қайта өңдеу өнеркәсібін талап етсек, олардың келуі қиын: табысы азырақ әрі бірден түспейді.

Сондықтан кейінгі жылдардағы зейнетақы қоры ақшасы бір дүмпу болды; меніңше, құрылыс компаниялары, құрылыс олигархтары президентті, үкімет басшысын осындай үлкен қаржы жұмсауға көндірді.

Ал құрылыс барлық саланы қамтиды: оның ішінде құрылыс материалдарынан бастап, көлік пен жол құрылысына дейін түрлі сала кіреді. Мысалы, Қытай мен Еуропаның ортасындағы "Орта дәлізді" алайық. Яғни, жол салудың өзі – құрылыс. Қазір президенттің бастамасымен Астанадан Ақтауға дейін жол салу басталды, бұл да үлкен құрылыс. Көлік инфрақұрылымына бөлінген қаржы жол бойындағы тасымалға, логистикаға, жалпы барлық салаға әсер етеді.

Азаттық: Демек қарқынды, ауқымды құрылыс арқылы Қазақстан экономикасы шын мәнінде көтеріледі деп оң қарауға болады ғой сонда?

Сапарбай Жұбаев: Экономиканы "бірден көтереміз" дегенге сақтықпен қарар едім. Қазіргі қарқынды бәсеңдетпеуге тырысамыз. 6,5 триллион бірден, ол 2027, 2028, 2029 жылдарға созылады. Ал 2021-22 жылдары зейнетақы қорынан 3,5 триллион алғанбыз. Сондықтан мақсат — құрылыстың қарқынын 7-10 пайыз деңгейінде ұстап қалу. Бірден екі-үш есе көтереміз деген әңгіме жоқ.

Азаттық: Бұл инфляцияға, тауарлардың арзандауына я қымбаттауына қалай әсер етуі мүмкін?

Сапарбай Жұбаев: Бұл — өте күрделі сұрақ. 2021-2022 жылдары экономикаға 3,5 триллион теңге құйылғаннан кейін тұрғын үй бағасы 40-50 пайызға қымбаттады. Оның жалпы инфляцияға әсері сондай болды: 2022 жылы инфляция 21-22 пайызға жетті. Мұндай инфляция бұған дейін бізде де, көршілерімізде де болмаған еді, біз 10-12 пайыздың өзін жоғары деп жүргенде, ол жылы инфляция 22 пайызға шықты.

Егер осы ақшаны бірден құйып, экономиканың басқа салаларын қатар өсірмесек, өнімін көбейтпесек, әлбетте инфляция болады. Бірақ меніңше, бұл жолы бағаны жайдан-жай қымбаттатуға немесе ақша массасын бекерге көбейтуге жол берілмеуі керек. 2021-2022 жылдары дәл соған жол берілді де, инфляция бірден өсіп кетті.

Бұл қаржыны ақырындап, жыл ішінде тоқсан сайын бөліп, оған сай халыққа қажет өнім мен қызмет түрлерін көбейтсек жақсы. Бірақ инфляция бәрібір біршама өседі, себебі ақша массасы көбейген сайын сұраныс артады, ол ақша түптеп келгенде халықтың тұтынуына кетеді. Қазір бізде инфляция деңгейі 8-10 пайыз шамасында. Оның бір себебі — индексация: инфляцияны тежейміз деп жыл сайын жалақыны 10 пайызға индекстейміз, ал оның өзі инфляция тудырады. 8-10 пайызға үйреніп қалдық. Қосымша ақша түскенде инфляция 10-12 пайыз болса, ол соншалық қорқынышты емес, оның есесіне көп мәселені шешіп аламыз. Инфляция болады, оны жоқ деп айтуға болмайды.

Азаттық: Президент Тоқаевтың сөзінше, осы құрылыс жобаларына 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді. Ал оның қалай жұмсалғанын қадағалайтын үкіметтік комиссия құрылады. Оның құрамына кімдерді кіргізетінін президент "әлі қарап жатырмын" деді. Қаржының қайда жұмсалатынын бақылайтын ресми органдар бола тұра, мұндай комиссия неге керек? Бұл үкіметтің сол органдарына деген сенімсіздігі ме?

Сапарбай Жұбаев: Сенімсіздік деп айтуға болмайды. Бірақ экономикада мынадай нәрсе бар: бақылаушы көбейген сайын жемқорлық та көбейе береді. Себебі бір бақылаушымен жұмыс істеуге үйренген құрылысшы ертең екінші, үшінші бақылаушымен де жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Бюджетті тексеретін органдар бізде бар: бұрын Есеп палатасы болса, қазір аудиторлық комитет тексереді. Бірақ антимонополиялық, жемқорлыққа қарсы органдардың бәрі — мемлекеттік құрылымдар әрі көбіне олигархтардың адамдарымен байланысты. Сондықтан әрқайсысы өз "көрпесін" тартып, кейде сол ақшаны дұрыс тексермеуге де әрекет жасауы мүмкін.

Мұнда бір нәрсені ашығырақ айтайын. "Халықтық құрылыста" бюджеттен, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын нысандар бар. Сондай-ақ коммерциялық, яғни кәсіпкерлердің өндірісін де қаржыландырмақпыз — электр энергиясы, газ, су сияқты. Бұлар кәсіпкерлік жолмен қаржыландырылуы керек, өйткені ертең сатылады: газ сатылады, ақшасы қайтады. Ал осындай компаниялар өз капиталын істетудің орнына Ұлттық қордан ақша алса, оны бақылау біршама қиындайды. Бюджеттік ұйымдарды, өзіңіз айтқандай, бұл комиссиялар да, басқа органдар да бақылайды.

Бірақ бүгін мынаны оқыдым: президент комиссия құрамына тек депутаттар мен бақылаушы мемлекеттік органдарды ғана емес, жергілікті белсенділер мен журналистерді де қосатынын айтыпты. Бұл — жаңа қадам болуы мүмкін. Сонда ақшаның қайда, не үшін жұмсалғаны туралы азды-көпті ашық хабар алып отырамыз деп үміттенеміз.

Әрине, Қазақстан халықаралық рейтингтерде жемқорлық деңгейі жоғары елдің қатарында. Олигархтарымыз мұндай тәртіпке көп жыл үйреніп алды. Егер билік оларды тыюды шынымен қатаң қолға алса, бәлкім, нәтиже шығар.

Азаттық: Заман басқа, қоғам басқа. Дегенмен президенттің "Халықтық құрылыс" ұсынысы мен оның төңірегіндегі мәлімдемелер Совет одағы кезіндегі "Народная стройка", "Бүкілодақтық екпінді құрылыс" деген ұрандарды есіңізге түсірмей ме?

Сапарбай Жұбаев: Мұнда тек қаржыландыру мәселесі айтылып жатыр. Совет дәуірінде тыңға, БАМ құрылысына жастарды жұмылдырып, оларға өте аз ақша беріп, тұрмыс жағдайын онша қанағаттандырмай жұмсайтын. Ал қазір құрылыс компанияларының әлеуетін тоқтатып алмау үшін Ұлттық қор қаржысын пайдаланбақпыз — бірақ қордың негізгі ақшасына тимей, тек инвестициялық табысын ғана жұмсауға тырысамыз.

Себебі жастарға уәде бердік қой: "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасымен бірінші жылы 110 доллар, екінші жылы 120, былтыр 130 доллар бердік. Оны 140-150 долларға жеткізу үшін президент Ұлттық қорды бүгінгі 65 миллиард доллардан 2029 жылға қарай 70 миллиард долларға жеткізуді тапсырды.

Ұлттық қордың 65 миллиард долларлық капиталы жылына 4-4,5 миллиард доллар — 8-9 триллион теңге табыс әкеледі. Сол есеппен одан 6,5 триллион теңге алсақ, жылына шамамен 20-30 пайызын ғана істетеміз деген сөз. Сонда Ұлттық қордың жалпы ақшасы азаймай, керісінше көбеюі де мүмкін. Әрине, бұл мұнайдың, газ бен металдың бағасына да байланысты. Ең бастысы — қордың негізгі капиталын емес, тек инвестициялық табысын пайдаланамыз, ал қордың өзі өсуге тиіс. Үмітім — осындай.

​
XS
SM
MD
LG