Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Нығматулиндер әулетіндегі үш адамға қатысты тергеу жүріп жатыр. Мәселе – мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин, экс-спикердің егіз бауыры Ерлан Нығматулин және ұлы Нұржан Нұрланов жөнінде болып отыр.
"Арғын Нығматулинге қатысты іздеу жарияланды. Бұл Қарағанды облысындағы хоккей клубына бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты. Ерлан Нығматулинге қатысты да тергеу жүріп жатыр. Нұржан Нұрлановқа да қатысты тергеу жүріп жатыр. Қазіргі кезде Түркияға құқықтық көмек туралы өтініш жібердік, жауабын күтіп отырмыз" деді Қойгелдиев.
Бұған дейін қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Нұржан Нұрлановтың қатысы бар іс бойынша тергеу процедуралық мәселелерге қатысты уақытша тоқтатылғанын хабарлаған. Ол уақытта Нұрланов істе куәгер болған.
Мәжілістің экс-спикерінің ұлы Нұржан Нұрланов Қаңтар оқиғасына дейін 2019 жылдың ақпан айынан бері "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясының бас директоры болған. Ол бұл қызметтен 2022 жылы мамырда кетті. 2014 жылдың ортасында нарықта пайда болған "Қазмұнайгаз-Аэро" үкімет қаулысымен қарулы күштер мен ҰҚК шекара қызметіне, ұлттық гвардияға, төтенше жағдай министрлігіне бензин, дизель, мазут, авиация отынын тасымалдайтын бірыңғай оператор ретінде бекітілген еді.
Нұржан Нұрлановтың өзі бұған дейін өзіне қатысты шыққан ақпараттарға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Оның қазір қайда екені белгісіз. Былтыр оппозициялық "Бәсе" арнасы оның Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Дубайда тұрып жатқанын жазған.
Былтыр көктемде бас прокуратура бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша іс қозғалып, Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғанын растаған.
69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. 2024 жылы клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.
Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.