Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жүргізуші куәлігі наркологиялық және психиатриялық есепте тұрғандарға берілген. Заңсыздықты аудандық прокуратура жол қауіпсіздігін тексеру кезінде анықтады. Бұл жөнінде бас прокуратура хабарлады.
"Талдау барысында наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған, көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар 89 адамның жүргізуші куәліктері болғаны және олардың көлік құралын басқаруға жіберілгені анықталды" дп жазылған хабарламада.
Ведомство өкілдерінің сөзінше, "психикалық және мінез-құлқында ауытқуы бар", сонымен бірге "психоактивті заттарды қолдануға байланысты бұзылыстары бар" адамдар "медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда" көлік басқармауы керек.
Олардың айтуынша, жауапты лауазымды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылған.
Өткен айда Абай облысының прокуратурасы жүргізуші куәліктерін сатты деген күдікке ілінген халыққа қызмет көрсету орталығының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерін тоқтатқаны хабарланған еді. Тергеу болжамынша, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері азаматтардың орнына емтихан тапсырып, сол үшін ақша алған.