Accessibility links

Батыс дипломаттары "ЛГБТ пропагандасы" туралы заңға қатысты алаңдаушылық білдірді


Қазақстанда тіркелген 19 елдің және Еуропа одағының дипломатиялық өкілдіктері Қазақстанда қабылданған"дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға" тыйым салатын заңға қатысты алаңдаушылық білдірді. Австралия, Австрия, Бельгия, Чехия, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Германия, Ирландия, Латвия, Литва, Нидерланд, Норвегия, Португалия, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания дипломатиялық миссиялары мен ЕО өкілдігі қолдаған бірлескен мәлімдемені Германияның Қазақстандағы елшілігі жариялады.

Мәлімдемеде:"Біздің ойымызша, бұл өзгерістер Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сай келмейді және ұғымдарды өз еркінше түсіндіруге мүмкіндік береді, бұл негізгі бостандықтарға, атап айтқанда кемсітушіліктен азат болу құқығына әсер етуі мүмкін", — делінген.

Сондай-ақ дипломаттар жаңа заң талаптарында жыныстық бағдар мен педофилияның бір-біріне ұқсас ұғымдар сияқты сипатталуына келіспейтінін баса айтқан. Олар педофилия бүкіл әлемде ауыр қылмыс саналатынына назар аударған.

Мәлімдеме авторларының пікірінше, қабылданған өзгерістер Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар дипломатиялық миссиялар бұл мәселе бойынша Қазақстан билігімен конструктив диалог жүргізуге дайын екенін айтқан.

2025 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Бұл құжат қолданыстағы 12 заңға балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғаумен қатар "дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттауға" тыйым салатын түзетулер енгізуді көздейді.

Жоба авторлары заңға енгізілетін түзетулер "ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған", "оларды насихаттауға" ғана тыйым салады деп түсіндірген. Заң авторларының бірі депутат Ринат Зайыт Азаттыққа сұхбатында "ЛГБТ ұйымдары балалар санасына теріс ұғымдарды кіріктіріп жатқандықтан" оларға шектеу қою керегін айтқан.

– Ешкім өмір сүруге, сол бағдарды ұстануға тыйым салып жатқан жоқ. Ал бірақ бүкіл ақпарат құралдарын пайдаланып [мұны] насихаттауға тыйым саламыз. Үйлеріңде не істесеңдер оны істеңдер, бірақ қоғамға шығып, "біз осындаймыз, біз мұндаймыз" деп айтқанды қою керек, – деген еді заң жобасын талқылау кезінде мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Бірақ құқық қорғаушылар гомофобия өріс алған қоғамда бұл заң "жығылған үстіне жұдырық" болады дейді. Сенатта заң жобасын таныстырған Қазақстанның әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова ЛГБТ өкілі болу заң бұзуға жатпайтынын айтқан.

Жаңа заң талаптарына сәйкес Қазақстанда ақпарат құралдарында, әдебиетте, ойын-сауықта және"басқа шараларда" ЛГБТ (лесбиан, гомосексуал, бисексуал және транссексуал қатынастар) насихаты деп танылған контент заңсыз саналады.

Заңды бұзғандарға 20 АЕК-ке дейін (шамамен 155 доллар) айыппұл салынады, қайталап заң бұзғандарға айыппұл өседі, не кінәлі адам 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Бұл құжат қоғамда "ЛГБТ пропагандасын шектейтін заң" деп аталып кетті. Құқық қорғаушылар"ЛГБТ пропагандасы" деген ұғымның нақты емесіне назар аударып, бұл адам құқықтарын, сөз бостандығын шектеуге алып келуі мүмкін деген пікір айтқан.

Бұған дейін 7 халықаралық құқық қорғау ұйымынан құралған коалиция "бұл норма өзін ЛГБТ мүшесі деп танитын адамдармен қатар журналистердің, ғылым саласы өкілдерінің, әртістердің, құқық қорғаушылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің де құқығын шектейді" деп мәлімдеген. Коалиция мұндай заң Қазақстанның адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, ол ЛГБТ қауымдастығы өкілдерін жазалау мен қудалауға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Қазақ парламенті "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салды. Бұл нені білдіреді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:01 0:00
XS
SM
MD
LG