15 желтоқсанда Берлиндегі келіссөз кезінде Америка және Еуропа дипломаттары Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беруді қарастыратын екі құжатқа келіскен. Бұл жөнінде құжатпен таныс шенеуніктерге сүйенген The New York Times басылымы жазды. Бұл кепілдік солтүстікатлантикалық келісімнің 5-бабында (ұжымдық қорғаныс) қарастырылған міндеттемелерге жақын деп басылым бұған дейін БАҚ таратқан ақпаратты растады.
Бірінші құжатта қауіпсіздік кепілдігінің жалпы принциптері көрсетілген. Мәселе "одаққа мүше елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда одаққа мүше қалған елдердің барлығы көмек көрсетуі керек" деп жазылған солтүстікатлантикалық келісімде қарастырылған кепілдікке ұқсас міндеттемелер жөнінде болып отыр. Нақты жағдайда бұл заң түрінде міндеттейтін кепілдікке қатысты. Дереккөздің айтуынша, АҚШ мәселені сенатқа ратификациялауға шығаруға дайын, ал Еуропа елдері өзінің ішкі процедуралары арқылы рәсімдемек.
Басылымның дереккөздері екінші құжатты әскери қызметкерлерге арналған «жедел құжат» деп сипаттады. Онда Ресейдің Украинаға қайта басып кіруіне және тағы басқа жерді басып алуына жол бермес үшін америкалық және Еуропа күштері Украина әскерімен қалай ынтымақтастық орнататыны түсіндірілген.
Аты-жөнін айтпаған Америка шенеуніктерінің бірі журналистерге құжатта Ресей басқыншылығының алдын алу үшін қажет шаралар "нақты" көрсетілгенін айтты. Мәселе саяси декларациялар туралы емес - нақты тетіктер мен қимылдар жөнінде болып отыр.
Құжатқа сәйкес, АҚШ атысты тоқтату режимінің сақталуын қадағалауда жетекші рөл атқармақ. Вашингтон сонымен бірге барлау қызметінің көмегімен Ресейдің жаңа басқыншылық жоспарын анықтай отырып, жағдайдың ушығуына жол бермейді.
Америка әскері Украинаға жіберілмейді, алайда ол жаққа Еуропа контингенті шоғарлануы ықтимал. Болжам бойынша, Еуропа елдерінің әскері НАТО-дан тыс форматта – майдан сызығына жақын жерге орналастырылмақ. Бұған дейін Мәскеу Украина аумағында НАТО әскерін орналастыруға қарсы шыққан. Алайда Америка шенеунігінің NYT-ке берген түсініктемесіне қарағанда, Мәскеу түптің-түбінде Еуропа әскерін орналастыруға келіседі. Ол тек НАТО миссиясы болмауы керек.
Құжат сонымен бірге украин әскерін қосымша нығайту мен оған қару-жарақпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді қарастырады.
Ресей басқыншылықты жалғастырған жағдайда АҚШ пен НАТО-ның рөлі қандай болмақ, олар Ресеймен тіке соғыса ма деген сұраққа құжат нақты жауап бермейді. Германия канцлері Фридрих Мерц жуырда "белгілі бір жағдайда" бұл мүмкін деп мәлімдеген еді.
The New York Times-тің жазуынша, АҚШ-тың мұндай кепілдігі Киевтің НАТО-ға қосылу ниетінен бас тартуға және жер мәселесіне келгенде ымыраға баруға дайын екендігімен байланысты. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Донецк облысынан украин әскерін шығару мәселесі референдум арқылы шешілуі мүмкін деген.