Accessibility links

"Үшінші толқын". Қырғызстанда індет қайта өршіді


Бішкекте қоғамдық көліктің ішінде дезинфекция жасап жүрген адам. 21 маусым 2021 жыл.
Бішкекте қоғамдық көліктің ішінде дезинфекция жасап жүрген адам. 21 маусым 2021 жыл.

Мамандар Қырғызстанда маусымның соңы мен шілденің басында эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлауы мүмкін деп ескертеді. Елде коронавирустың жаңа түрі тарала бастағалы бері бір аптадан асты.

ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР БІР КҮНДЕ 870 АДАМҒА КӨБЕЙДІ

Тәуелсіз сарапшылар тобы Қырғыз Республикасында 21 маусым мен 2 шілде аралығында Covid-19 коронавирусы қайта өршуі ықтимал деген болжам жасап отыр. Олар елде инфекция жұқтырған науқас саны күн сайын 1500 адамға көбеюі мүмкін екенін айтды. Сарапшылардың пікірінше, әсіресе Бішкек және Ош қалаларында жағдай күрделі болады. Covid-19 таралуын болжау және эпидемиологиялық жағдайды модельдеу жөніндегі маман-сарапшы, эпидемиолог Айжан Дооронбекова былай дейді:

– Біздің талдауымызда үш сценарий қарастырылған. Бұл жолы (індет) ең сорақы сценарий бойынша өршіп кетуі мүмкін, себебі Үндістан, Британия, Оңтүстік Африка және Ресей штамдары Қырғызстанға бейімделіп алған. Үндістаннан таралған штамм қазіргі (аурулар санын көрсетер) статистиканың өсуіне себеп болды деген болжам бар. Зерттеулер көрсеткендей, бұл штамм британ штамына қарағанда ғимарат ішінде 64 пайызға, ғимараттан тыс, ашық ауада 40 пайызға тез тарайды. Біз, әрине, болжамымыз мүлтіксіз деуден аулақпыз. Бірақ біздің әдісіміз вирус жұқтырғандар санының өсуін анықтауға мүмкіндік береді. Ал Қырғызстанда(ғы қазіргі ахуалдан) бәрін күтуге болады (яғни, іс насырға шабуы әбден мүмкін).

Адам ағзасында коронавирус бар-жоғын анықтайтын ПТР тест құралымен жұмыс істеп отырған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Адам ағзасында коронавирус бар-жоғын анықтайтын ПТР тест құралымен жұмыс істеп отырған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Маусымның екінші аптасынан бастап елде Covid-19 вирусын жұқтырғандар күн сайын 500-700 адамға көбейіп отыр. Мысалы, 19 маусымда – коронавирус пневмониясын қоса алғанда – 870 адамның коронавирус жұқтырып алғаны анықталды. Бұл "қара түнек кезең" деген атауға ие былтыр шілдеде Қырғызстанда болған індеттің тарауымен деңгейлес.

Коронвирус жұқтырғандардың жартысы Бішкек пен Ош қалаларында анықталған. Инфекциямен күрес жөніндегі штабтың мәлімдеуінше, осы екі қала, сондай-ақ көрші Шу және Ош облыстары эпидемиологиялық ахуал тұрғысынан алғанда қолайсыз өңір болып саналады. Сол себепті құзырлы органдар жұртқа ол жаққа бармауды ескертіп жатыр.

Коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі республикалық штабтың мәліметі бойынша, Қырғызстанда Covid-19 инфекциясы жұққаны анықталғандардың жалпы саны – 115615 адам. Соның ішінде 1937 адам індеттен көз жұмған.

Covid-19 коронавирус инфекциясының таралуын болжау тобының тағы бір мүшесі былай дейді:

– Эпидемиологиялық процесс өте сезімтал болады. Егер азаматтар ережелерді сақтап, жұрт көп жиналатын жерге бармаса, мемлекет тарапынан тиісті шектеулер енгізілсе, онда жағдай өзгереді. Ал егер жүріс-тұрысымыз бәз-баяғы қалпында қалса, онда шілденің басына қарай инфекция жұқтырғандар саны күн сайын 1500 адамға көбеюі мүмкін. Кейінгі екі аптада (вирус жұқтырғандарды көрсететін) статистика өсіп барады және біздегі ахуал ең сорақы сценарий бойынша өрбіп жатыр. Ал билік қатаң шектеулер енгізбей отыр. Жұрт былтыр шілдеде қандай оқиға болғанын ұмытып кеткен сияқты.

ЕЛДІ АЛАҢДАТҚАН "ҮШІНШІ ТОЛҚЫН"

Өткен аптада Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі елде Covid-19 коронавирус инфекциясының "үшінші толқыны" тарала бастағанының байқалғанын ресми түрде жариялаған. Бірнеше қала мен аймақ "қызыл аумаққа" кіріп, шектеулер енгізілген. Ел астанасы Бішкекте ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына шектеу қойылды деп жарияланды. Ош қаласында 1 шілдеден бастап бұқаралық іс-шара өткізуге шектеу енгізіледі.

Бішкектегі медицина орталығында Қытайдың Sinopharm вакцинасын алып отырған адам. 19 мамыр 2021 жыл.
Бішкектегі медицина орталығында Қытайдың Sinopharm вакцинасын алып отырған адам. 19 мамыр 2021 жыл.

Бұған қоса Бішкек әкімшілігі қаланың әр ауданында күндізгі стационар орналастыру туралы шешім қабылдады. Билік барлық меншік нысанындағы ұйымдарға қызметкерлердің тең жартысын қашықтан жұмыс істеуге көшіруге кеңес берді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Жалалиддин Рахматулаев енгізілмекші шектеулер мәнін былайша түсіндіреді:

Жалалиддин Рахматуллаев.
Жалалиддин Рахматуллаев.

– Былтыр мұқым Қырғызстан аумағында төтенше режим жарияланды, бәрі жабылды. Ол шектеулер мамыр айының соңында алынып тасталды, ал маусымда күн сайын 25-30 адамнан Covid-19 инфекциясы анықталатын. Ал биыл күн сайын 700 немесе одан да көп науқас анықталатын болды. Мұндай айырмашылықтың болуы карантин шарасына байланысты, өйткені былтыр азаматтар іс жүзінде үйінен ешқайда шыққан жоқ. Бірақ экономикалық тұрғыдан алғанда бұл жағымсыз рөл ойнады. Сондықтан биылғы шектеулер басқадай сипатта: мекемелердің жұмысында ешқандай кедергі болмайды. Бірақ ол жерде тиісті ережелердің барлығы сақталуы керек.

Сарапшы-мамандар санитарлық ережелерді сақтау және вакцина егу арқылы коронавирусқа төтеп беруге болатынын халыққа айтып жүр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметіне сай, бүкіл ел бойынша 2,6 миллион адам Covid-19 вирусына қарсы вакцина алуы тиіс.

21 маусымдағы мәлімет бойынша, әзірге олардың 92 мыңы ғана вакцина салғызған. Елде азаматтарға коронавирус инфекциясына қарсы Қытайдың SinoPharm және Ресейдің Sputnik V вакциналарын салып жатыр.

"САЙЛАУҒА АҚША ТАБАДЫ, ВАКЦИНАҒА КЕЛГЕНДЕ ОЛАЙ ЕМЕС"

Медицина саласы бойынша сарапшы Айбар Сұлтанғазиев Қырғызстанда Covid-19 коронавирусының "үшінші толқыны" тарап, індет өршитін болса, оның соңы қиын болуы мүмкін деген болжам айтады.

Айбар Сұлтанғазиев.
Айбар Сұлтанғазиев.

– Қазірдің өзінде ауруханаларда орын жоқ, жедел жәрдем станцияларына телефон шалатындар көбейді. Бұл "үшінші толқын" былтырғыға қарағанда ауырлау тиюі мүмкін екендігін көрсетеді. Шілденің аяғында керекті дәрі-дәрмек таусылуы мүмкін. Вакцина алған азаматтардың аздығы коронавирус инфекциясы деңгейінің төмендеуіне еш әсер етпейді. Егер біз шынымен де науқас санын азайтқымыз келсе, онда келесі бір-екі айда біздің азаматтардың 60-70 пайызының Covid-19 вакцинасын алуына жағдай жасауымыз керек. Қазір (билік) жұртты тыныштандырмақ болып тыраштанып жатыр, бірақ ешкім бізге тегін вакцина салмайтынын түсінуіміз керек. Сайлауға керек ақшаны дереу табады, ал вакцинаға келгенде олай емес.

Қырғызстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егу 2021 жылғы 29 наурызда басталған.

SinoPharm вакцинасының 75 мың адамға егуге арналған 150 мың дозадан тұратын бірінші партиясы Қырғызстанға 2021 жылы наурызда жеткізілген. Қытай Қырғызстанға тегін берген бұл дәрі мамырдың соңында түгесілді. Кейінірек Қытай және 150 мың дозаны тегін беру туралы шешім қабылдады. Бірақ оны елге жеткізу кезінде қиындық туындады – гуманитарлық көмекті тасымалдауға қаражат жетіспеді.

Ақыры ЮНИСЕФ бұл мәселеде Қырғызстанға қолдау көрсетуді ұйғарды, ол вакцина партиясы елге маусымның ішінде келеді деп жоспарланған.

Sputnik V вакцинасының 20 мың дозадан тұратын алғашқы партиясы Бішкекке 22 сәуірде жеткізілді. Бір дозаның құны – 10 доллар. Ол кезде 15 мың доза сатып алынса, қалған 5 мыңы гуманитарлық көмек түрінде алынды.

17 маусымда Қырғызстан осы препараттың екінші партиясын – 80 мың доза алды, бұл 40 мың адамға вакцина егуге жеткілікті.

Сонымен бірге маусым айында Қырғызстан COVAX ғаламдық бағдарламасы аясында AstraZeneca вакцинасының 210 мың дозасын алады деп хабарланды. Бірақ содан кейін Үндістандағы Серум институтының вакцинаның осы түрін сатуды тоқтатуына байланысты оны Қырғызстанға жеткізу кешігетіні мәлім болды.

Маусым айында Дүниежүзілік банктің Қырғызстанға Covid-19 коронавирусына қарсы вакцинаның 1 миллион дозасын сатып алуға 17 миллион доллар қаржы бөлетіні белгілі болды. Ал таяуда Хорватия да Қырғызстанға коронавирусқа қарсы вакцина алуға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен, бұл жерде нақты қандай вакцина туралы сөз болып отырғаны жөнінде еш мәлімет берілмеді.

Қазір Қырғызстанда вакцина егетін 107 уақытша пункт бар, кейбірі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG