Accessibility links

Беларусь 25 саяси тұтқынды босатты, АҚШ екі компаниядан санкцияны алды

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Джон Коул бостандыққа шыққан белорус азаматтарымен тұр. 16 қыркүйек 2026 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Джон Коул бостандыққа шыққан белорус азаматтарымен тұр. 16 қыркүйек 2026 жыл.

Беларусь “ізгі ниет ретінде” 25 саяси тұтқынды босатады, өз кезегінде АҚШ Беларусьтің екі компаниясы – “Беллесбумпром" мен "Лакокраска" компанияларынан санкцияны алып тастайды. АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Джон Коул осылай деп мәлімдеді.

Ізінше Коул Беларусьте босатылған азаматтардың суретін жариялады. Белорус оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская өзінің телеграм-арнасында “25 саяси тұтқын босатылып, Литваға жеткізілді” деп жазды.

Босатылғандар арасында БелаПАН ақпарат агенттігінің бұрынғы директоры Дмитрий Новожилов, белорус белсендісі Ирина Злобина, TUT. BY бас директоры Людмила Чекина, бұрынғы тергеуші Евгений Юшкевич бар.

Коул тараптар арасында келіссөз жалғасатынын және барлық мәселе шешілген кезде бұдан да көп адам бостандыққа шығатынын айтты. Ал АҚШ шектеу шараларын ала бермек.

Бұған дейін Лукашенко мен Коул арасындағы бірнеше кездесудің нәтижесінде жүздеген белорус саяси тұтқыны босатылған еді, ал АҚШ Беларуське қарсы санкцияны жұмсартқан. 15 қыркүйекте АҚШ уәкілімен кездесу кезінде Беларусьтің авторитар басшысы елде адамдарды саяси себеппен қудаламайды, ал шетелде жүрген эмигранттар Беларусь билігі одан да көп адамды ұстап жатыр деп "өтірік айтады" деді.

Азаттықтың Белорус қызметінің хабарлауынша, 15 қыркүйек күнгі жағдай бойынша, Беларусьте 912 адамды құқыққорғаушылар саяси тұтқын деп таныған. Құқыққорғаушылар елде қудалау жалғасып жатқанын айтады: адамдарды бұрынғыша ұстап, саяси себеппен қамап жатыр.

"Вясна" құқық қорғау орталығының дерегінше, 19 наурызда "рақымшылық" аясында 250 саяси тұтқын босатылғаннан кейін құқық қорғаушылар тағы 224 адамды саяси тұтқын деп таныған. Одан бөлек, тағы 138 адам бостандыққа шыққаннан кейін саяси тұтқын танылған.

Айдар
XS
SM
MD
LG