Accessibility links

Беларуське Лукашенконың шақыруымен барған өзбек мигранттары наразы болып жатыр

Беларусьтің Витебск облысына жұмысқа барған өзбекстандық еңбек мигранттары. Өзбекстанның Әндіжан облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі жариялаған фото.
Беларусьтің Витебск облысына жұмысқа барған өзбекстандық еңбек мигранттары. Өзбекстанның Әндіжан облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі жариялаған фото.

Беларусьтің Витебск облысына ұйымдасқан еңбек миграциясы бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге барған бір топ өзбек азаматы өздеріне ұсынылған жалақы көлемі мен еңбек жағдайына көңілі толмайтынын айтты.

Беларусь басылымдарының хабарлауынша, 13 шілдеде Өзбекстанның Әндіжан облысынан еңбек мигранттары – 255 адам чартерлік рейспен Витебскіге жеткізілген соң бірнеше күн өткенде наразылық пайда болған. Олар егістікте, мал шаруашылығында және құрылыста жұмыс істейді деп айтылған.

Өзбек еңбек мигранттарының алғашқы тобы Беларуське аттанғаны туралы ақпарат өзбекстандық басылымдарда және Әндіжан облысының губернаторы Шухратбек Абдурахмановтың Telegram арнасында кеңінен жарияланды.

"Беларусьте бұл азаматтарға жалақысы жоғары жұмыс және әлеуметтік кепілдіктер беріледі, тиісті еңбек жағдайы жасалады", – деп хабарлады Әндіжан губернаторының Telegram арнасы.

Бірақ сәрсенбі күні интернетте тараған видеоүндеуде өзбек еңбек мигранттары Әндіжан облысы басшысына шағым айтқан.

"Құрметті әкім, егер біз мұнда 500 долларға жұмыс істесек, 200 доллар тамаққа, 100 доллар сабынға және тағы басқа заттарға кетеді. Қалған 200 долларға бола босқа уақыт өткізудің мәні жоқ", – деді жұмысшылардың бірі.

Егер Беларусьте жақсы жұмыс болмаса, бізді елге қайтарыңыздар деген Өзбекстан азаматтары.

Әндіжан облыстық әкімшілігі әзірге бұл үндеуге байланысты жауап берген жоқ.

Өзбекстандық азаматтарды Беларусьте жұмыспен қамту мәселесі 8-9 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Минскіге сапармен барған кезде көтерілген. Беларусь басшысы Александр Лукашенко елде жұмыс күші жетіспейтінін айтып, өзбек азаматтарын отбасымен бірге жұмысқа шақырған.

"Өзбекстанда су тапшы. Және жер көбірек болса жақсы болар еді. Ал бізде, Беларусьте оның бәрі бар. Кейде жұмыс күші жетіспейді. Сондықтан біз өзбектердің, нақты өзбек адамдарының отбасымен бірге Беларуське келіп, осында қоныстанып, қажет болған жағдайда медициналық көмек пен білім алып, өзін-өзі дамытуын армандаймыз. Беларусь жері қаңырап қалмас үшін бұл бізге өте қажет", - деп мәлімдеген Лукашенко.

Екі елдің басшылары кездескеннен кейін жұмыс істеуге баруға ынта білдіргендерді іріктеумен Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы агенттігі айналысатыны, ал Беларусь жұмыс берушілері еңбек келісімшартқа отырып, өзге де қажет құжаттарды рәсімдейді деп айтылған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG