Жексенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен Матильда патшайымды Астанада әуежайдан қарсы алды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ұшу алаңында меймандарды құрмет қарауылы сап түзеп қарсы алған. Әуежайда өткен қысқа әңгімеде Тоқаев король мен жұбайының бұл сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін маңызды екенін айтқан.
"Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады" деген Тоқаев.
Король Филипп Қазақстан басшысына қонақжайлығы үшін алғыс айтқан.
"Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін" деген Бельгия королі.
Дүйсенбіде Қазақстан мен Бельгия арасында жоғары деңгейде келіссөздер өтеді деп жоспарланған.