Белсенді, "С-ИНФОРМ" газетінің өкілі Құрал Сейітханұлы "дербес деректі әшкереледі" деген айыппен үш жыл түрмеге кесілді. Бұл жөнінде журналист Амангелді Батырбеков хабарлады. Сот үкімі 8 қыркүйекте шыққан.
"Кеше, 8 қыркүйек күні Түркістан қалалық сотының Батырхан Алшеров деген судьясы біздің С-ИНФОРМ газетіміздің Түркістан қаласындағы өкілі Құрал Сейітханұлы Исмановты «Қазақстан Республикасының атынан» деп тұрып, 3 жылға қамады да жіберді. Үкімнің видеосын жарияламадым, құрысын. Өйткені менің Қазақстан Республикам ондай үкім шығарды дегенге арым жібермей тұр" деп жазды журналист.
Құрал Сейітханұлын тергеу соты мамырдың соңында қамауға алған еді.
Ақпаратқа қарағанда, белсендінің үстінен блогер,"Аймақ тынысы KZ" редакторы Ләззат Асанова полицияға арыз түсірген. Блогер белсендіні "дербес деректі жария етті" деп айыптаған. Бұған дейін жақтастары Құрал Сейітханұлы жариялаған мәліметтің құпия емес екенін, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат екенін айтқан еді. Ал блогер онымен келіспеген.
Сот үкімі шыққаннан кейін Ләззат Асанова Facebook-та жазба жариялады. Ол "Құрал Исмановпен арадағы дау жеке сипаттағы дау емес екенін, құқықтық мәселе екенін" алға тартып, "әрбір азаматтың жеке өмір мен дербес деректерді қорғау құқығы бар" екенін айтқан.
Құрал Сейітханұлы – қоғамдағы түрлі заңсыздықтар туралы жазып, мәселе қозғап жүрген белсенділердің бірі. Белсендінің өзі сол үшін талай қамалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2024 жылы АЭС құрылысы мәселесі бойынша референдум кезінде Тұркістан қаласындағы учаскелердің бірінде бақылаушы болған. Учаскеде дауыс беру кезіндегі заңсыздық туралы ақпараттан кейін оны полицияға шақырған.