Қазақстанда экстрадициялық қамауға алынған шешен азаматы Мансур Мовлаевтың ата-анасын Шешенстанда ұрлап әкеткен. Бұл жөнінде Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады. Бұған дейін оның бауыры азапталғаны туралы ақпарат тараған.
Instagram-дағы Мовлаевты қолдау тобының жазуынша, оның ата-анасы Хава мен Мовсарды "белгісіз жаққа қарай күштеп алып кеткен".
Белсенділердің Кавказ.Реалии сайтына айтуынша, Мансур Мовлаевтың бауыры Зелимханға оны "Мансур үшін" ұрып-соққанын ашық айтқан. Оның жақындарына Мансур елге келмессе, оның ата-анасы да үйге оралмайды деп қоқан-лоқы жасаған.
Ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөз жоқ. Шешенстан билігі Мовлаевтың отбасына күш қолданылғаны жайлы ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған шешенстандық белсенді Мансур Мовлаевтың аппеляциялық шағымы жуырда қанағаттандырылмаған еді.
Шешенстан билігін ашық сынап жүрген Мовлаев Ресейге экстрадицияланатын болса, ол жақта өзін азаптап, өлтіріп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан ол Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Ал Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған. Қазақстан белсендіні Ресейдің сұрауы бойынша қамауға алған еді. Адвокаты мен жақтастары Ресей билігі Мовлаевты саяси себептермен қудалап жатыр деп санайды.
Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы ол Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы ("Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өңдеу") бойынша сотталған. Мовлаевтың жақтастары бұл іс Грозныйдағы билікті сынағаны үшін қудаланды дейді. 2026 жылы Қазақстан Жоғарғы соты Мовлаевтың босқын мәртебесін сұраған өтініші толық қаралып біткенше оны экстрадициялауды тоқтатқан еді.