Африканың батыс жағындағы Бенин мемлекетінің президенті Патрис Талон жексенбі, 7 желтоқсан күні халыққа жасаған видеоүндеуінде елде төңкеріс әрекетінің жолы кесілгенін айтты.
"Әскермен бірге біз бүлікті басып, ел аумағын бүлікшілерден толық тазарттық", – деген Талон BeninTV эфирінен.
Оның алдында елдің ішкі істер министрі Алассане Сейду де Бенинде төңкеріс жасамақ болғандардың әрекеті сәтсіз болды деп мәлімдеген.
"Аз ғана топтан тұратын әскерилер елді және оның институттарын шайқауды көздеп бүлік шығарды, Мұндай жағдайда Бениннің қарулы күштері мен олардың басшылығы жағдайды бақылауда ұстап, төңкеріс жасау талпынысын тоқтатты", – деген Сейдудің телеарнадан сөйлеген сөзін келтірген британдық BBC медиасы.
AFP агенттігі жексенбіде Бениннің күш құрылымдары бүлікке қатысы бар 13 адамды тұтқындаған деп хабарлады. Ал үкімет өкілі Вильфрид Леандр Хунгбеджи Reuters агенттігіне төңкеріс жасауға талпынысқа байланысты 14 адам тұтқындалғанын айтқан.
Жексенбі күні Бенин мемлекеттік телеарнасы ғимаратына басып кірген бір топ әскери адам ел президенті Патрис Талон биліктен тайдырылды деп мәлімдеді. Топ жетекшісі подполковник Паскаль Тигри өзін көтеріліс комитетінің жетекшісімін деп жариялаған. Бұқаралық ақпарат құралдары президент резиденциясын басып алмақ болған бүлікшілерге ресми билікке адал күштер тойтарыс берді деп жазды.
Солтүстігінде Буркина-Фасомен және Нигермен, шығысында – Нигериямен, ал батысында Того мемлекетімен шектесетін Бенин мемлекетінде биыл қарашада ел парламенті Конституцияға түзету енгізуді мақұлдаған. Ол түзетуге сәйкес, ел президентінің қызмет өкілеті бес жылдан жеті жылға ұзартылған. Қазіргі президент 67 жастағы Патрис Талон бірінші рет осы лауазымға 2016 жылғы наурызда бес жыл мерзімге сайланған. Ал 2021 жылы екінші мерзімге сайланған.
Бенин оппозициясы 2019 жылғы парламент сайлауына да, 2021 жылғы президент сайлауына да қатыстырылмаған.