Accessibility links

Армян қырғыны бойынша мәлімдеме жасардың алдында Байден Ердоғанмен сөйлесті


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (оң жақта) АҚШ вице-президенті Джо Байденді қабылдап тұр. Анкара, 24 тамыз, 2016 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (оң жақта) АҚШ вице-президенті Джо Байденді қабылдап тұр. Анкара, 24 тамыз, 2016 жыл.

Бүгін, 24 сәуірде, АҚШ президенті Джо Байден 20 ғасыр басында Түркия жерінде болған армян қырғынына байланысты мәлімдеме жасамақ. Осы оқиға қарсаңында Байден Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы тілдесті.

Президенттікке кандидат кезінде Байден осы лауазымға сайланған жағдайда армян қырғынын геноцид деп тануға уәде берген және бұл пікірін сол оқиға құрбандарын еске алу күні – 24 сәуірде жариялайтынын айтқан.

Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псаки 23 сәуірде Байденнің сайлау алдындағы уәдесі туралы ештеңе жарияламайтынын айтты, ал мемлекеттік департамент баспасөз хатшысының орынбасары Джалина Портер 24 сәуірде мәлімдеме болатынын ғана ескертті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Осман империясы 1,5 миллион армянды өлтірді немесе жер аударды деп саналады. Жапа шеккендердің көбі христиан азшылық өкілдері болған делінеді. Көптеген тарихшы мен кей елдер, соның ішінде Франция мен Германия, бұл оқиғаны геноцид деп санайды.

Армяндар осы қасіретті оқиғаны сипаттау үшін "геноцид" сөзін қолдануды талап етіп келеді, бірақ Түркия бұған үзілді-кесілді қарсы.

Ақ үй Байденнің мәлімдеме жасардан бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен сөйлескенін хабарлады.

Өз дереккөзіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі әңгіме барысында Байден Ердоғанға 24 сәуірдегі мәлімдемеде армяндардың қырылуы мен күштеп жер аударылуын геноцид деп тануға ниетті екенін айтқан.

Алайда, Ақ үй хабарламасында Байден "ынтымақтастықтың түрлі мәселелері бойынша конструктивті екіжақты қарым қатынасқа және келіспеушілікті бірлесе шешуге мүдде танытқаны" ғана айтылады.

Сондай-ақ, екі ел басшылары маусым айында Брюссельде өтетін НАТО саммиті аясында "екіжақты және аймақтық мәселелерді талқылау үшін" кездесу өткізуге келіскен.

Ердоған кеңсесі сұхбат кезінде екі ел басшылары "екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық сипатына мән беріп, тараптарға ортақ мәселелер бойынша ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталғанын" хабарлады.

Анкара бұл қырғын Осман үкіметінің армяндарды жою әрекеті емес, азаматтық соғыстың салдары деп санайды. Түркия қаза болған армян саны көп деректе айтылып жүргеннен әлдеқайда аз дейді.

2019 жылы АҚШ конгресі армян қырғынын геноцид деп мойындауды жақтап дауыс берген, бірақ Трамп әкімшілігі статус-квоны сақтайтынын анық айтқан.

АҚШ-тың басқа президенттері НАТО-ның мүшесімен қарым-қатынасты бұзуға батпай, "геноцид" терминін ресми қолданудан бас тартты.

Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Байден оқиғаны геноцид деп таныса, бұл екі елдің қарым-қатынасын бұзады деп ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG