Accessibility links

Билік өкілдері "Гүлденген Армения" партиясының лидері Гагик Царукянның үйін тінтуге барған

"Гүленген Армения" партиясы лидері Гагик Царукян (сол жақта) мен оның үйінің алдында жолды бөгеп тұрған қарулы күш құрылымдары қызметкерлері суреттерінен коллаж.
"Гүленген Армения" партиясы лидері Гагик Царукян (сол жақта) мен оның үйінің алдында жолды бөгеп тұрған қарулы күш құрылымдары қызметкерлері суреттерінен коллаж.

Арменияда күштік құрылымдар "Гүлденген Армения" партиясының лидері әрі кәсіпкер Гагик Царукянның үйін тінтуге барған. Мұндай хабарды партияның баспасөз хатшысы Ивета Тоноян өз Facebook-парақшасында жариялады. Оның сөзінше, қауіпсіздік қызметкерлері адвокаттарды үйге кіргізбей қойған.

Тоноян Царукянның компанияларының кеңселерінде де тінту жүріп жатқанын хабарлады. "Іс жүзінде "Мульти Групп" тобына кіретін барлық компанияларда, сондай-ақ осы ұйымдар директорларының пәтерлерінде де ауқымды тінту жүргізіліп жатыр", – деп жазды ол.

Маусым айының аяғында Арменияның бас прокуратурасы Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) Царукянның үстінен қылмыстық іс қозғауға рұқсат беруді сұрап өтініш түсірген болатын. Оған аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып отыр. Орталық сайлау комиссиясы Азаттық радиосының Армян қызметіне хабарлағандай, қадағалаушы органның өтінішін Конституциялық сот парламент сайлауынан кейін туындаған дауларды қарап болғаннан кейін ғана зерттейтін болады.

Премьер-министр Никол Пашинян сайлау науқаны әлі аяқталмай жатып-ақ Царукянның отбасына тиесілі "Арарат" цемент зауытын мемлекет меншігіне алу жоспары барын мәлімдеген. Пашинян ол кәсіпорынды өз саяси бәсекелесі бизнесінің "негізі" деп атап, Царукян мен оның туыстарын "мафия" деп сипаттаған. Сондай-ақ Пашинян зауытқа уақытша басқарушы тағайындау мәселесі миллиардер Самвел Карапетянның "Армения электр желілері" компаниясындағыдай "өте жылдам шешілетінін" айтқан. Ал "Гүлденген Армения" партиясының лидері "ондай әрекеттермен өзін қорқыта алмайтынын" мәлімдеген.

ОСК деректеріне сәйкес, парламенттік сайлауда Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы 49,745% дауыс, Карапетянның "Қуатты Армения" партиясы 23,271%, ал экс-президент Роберт Кочарянның "Армения" альянсы 9,923% дауыс иеленген. Царукян жетекшілік ететін "Гүлденген Армения" партиясы 3,989% дауыс жинап, парламентке өте алмай қалды.


Айдар
XS
SM
MD
LG