Accessibility links

Binance-қа жасалған хакерлік шабуыл: ФБР Солтүстік Кореяны айыптады

АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФБР) әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірі Binance-ке хакерлік шабуылды Солтүстік Корея жасағанын мәлімдеді. Шабуылдың салдарынан 6 миллиард доллардан астам қаражат ұрланған.

«2026 жылы 29 қазанда Binance криптовалюта биржасынан 6 миллиард доллардан астам виртуалды активтің ұрлануына Корей халық демократиялық республикасы (Солтүстік Корея) жауапты. ФБР Солтүстік Кореяның бұл кибершабуылын TraderTraitor деп жіктейді» деп жазылған бюроның мәлімдемесінде.

Binance шабуылдан келген шығынды толық өтейтінін мәлімдеді. Сенбі күні компания ұрланған қаражаттың 90 пайызының орнын толтырғанын хабарлады.

«Ұрланған қаражатқа байланысты барлық қаржылық жауапкершілікті Binance өз мойнына алады. Пайдаланушыларымыз зардап шекпейді» деп жазылған компанияның сенбі күні жариялаған мәлімдемесінде.

ФБР АҚШ-тың құпия қызметі және салық қызметімен бірлесіп жүргізген тергеу барысында хакерлер ұрланған активтерді негізінен Ethereum криптовалютасына айырбастап жатқанын анықтаған.
«Бұл қаражатты алдағы уақытта жылыстату әрекеттері жасалуы мүмкін» деп жазады ФБР сайтында.

Бюро қаржы ұйымдары мен криптовалюта пайдаланушыларын күмәнді транзакцияларды бұғаттауға шақырып, хакерлер пайдаланып жүрген криптоәмиян мекенжайларының тізімін жариялады.

АҚШ президенті Дональд Трамп ФБР-дың тұжырымына күмән келтірді.

"Қазір анықтап жатырмыз. Оған Солтүстік Кореяның қатысы бар ма, егер солай болса, мәселені Солтүстік Кореямен талқылаймыз" деді Флорида штатындағы Мар-а-Лаго иелігінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп.

  • Binance-тің алдын ала мәліметі бойынша, хакерлік шабуыл жасаған адамның қолына биржа инженерінің ноутбугы түскен, сол арқылы платформаның ішкі жүйесіне кірген. Осылайша қаражатты рұқсатсыз шығару туралы сұраулар жіберілген. Компания криптовалюта әмияндарының құпия кілттері сыртқа тарағаны анықталған жоқ дейді.
  • Хакерлік шабуыл туралы хабар тарағаннан кейін криптовалюталардың бағасы төмендеді. Reuters агенттігінің мәліметінше, биткоин бағасы соңғы алты аптадағы ең төменгі деңгейге түсіп, 77,6 мың долларға дейін арзандаған. Ал эфирдің бағасы соңғы екі айдағы ең төменгі көрсеткішке жетіп, шамамен 2239 доллар болған. BNB токені бір тәулікте 8 пайызға арзандады.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG