Accessibility links

Бішкекте Пашинян мен Путин келіссөз жүргізді

 Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей басшысы Владимир Путин. Бішкек, 2 қыркүйек 2026 жыл.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей басшысы Владимир Путин. Бішкек, 2 қыркүйек 2026 жыл.

1 қыркүйекте Армения премьер-министрі Никол Пашинян Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, бұл Пашинянның сайлаудағы жеңісінен кейін екі басшының алғашқы бетпе-бет кездесуі.

Путин Арменияның егемен мемлекет ретінде Еуроодаққа қосылуға құқығы бар деді, бірақ Армения Еуразия экономика одағына мүше болғандықтан бұл талпыныс «қиындық туғызатынын» атап өтті. Путин Ереванды тағы да сыртқы саясаттағы жоспарын тез арада анықтауға шақырды.

Николь Пашинян Путинге Еуразия экономика одағының ережелерінде қандай да бір мемлекетті алып тастау тетігі жазылмағанын және егер ел одақтан шыққысы келсе, кем дегенде алты ай бұрын хабарлауға міндетті екенін еске салды.

«ЕАЭО-ға мұндай хабарлама жіберген жоқпыз. Жағдайды осы бастапқы нүктеден қарастыру керек. Біз үшін елімізде балама болғаны маңызды. Бұл біздің заңды құқығымыз. Бірақ бұл біздің ЕАЭО-ға наразы екенімізді білдірмейді, дегенмен онда да мәселелер бар» деді Пашинян.

Ол ЕО-ға ұмтылған Армения ЕАЭО алдындағы міндеттемелерін бұзбағанын жеткізді.

Саммит алдында Мәскеу Арменияда осы бойынша референдум өткізуді ұсынды және бұрынғы президент Роберт Кочарянның тұтқындалуына наразылық білдірді.

Тамыз айының соңында Пашинян Ереванның Еуроодаққа қосылу жөнінде өтініш беру процесін бастайтынын мәлімдеген. Оның алдында Ресей Армениядан елде ЕО-ға қосылу жөнінде референдум өткізуді талап еткен еді.

Пашинянның сөзінше, бұл Ереван одаққа қосылу жөнінде өтініш бергеннен кейін Еуроодақтан жауап келуі керек. Тек осыдан соң интеграция процесінің нақты кестесі анықталады.

Ереванның ЕО-ға талпынысы жөнінде мәлімдемесінен кейін Ресей армян өнімдеріне тыйым сала бастады. Мәскеу сонымен бірге Арменияға табиғи газ, мұнай өнімдері мен алмасты салықсыз тасымалдау туралы келісімді тоқтатамыз деп сес көрсетті. Ал Еуроодақ Ресейдің әрекетінен кейін Арменияны экономикалық тұрғыда қолдайтынын айтты.

Айдар
XS
SM
MD
LG