2026 жылдың алғашқы үш айында 14 мыңға жуық ресейлік Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алды. Мұндай дерек ішкі істер министрлігінің Азаттыққа жіберген ресми жауабында айтылады.
Ондағы мәліметке сүйенсек, 2022 жылдан бері Қазақстаннан уақытша тұруға рұқсат алған ресейліктер біртіндеп азайып келеді.
- 2022 жылы – 138 259 ресейлікке елде уақытша тұруға рұқсат берілген;
- 2023 жылы – 112 685;
- 2024 жылы – 77 542;
- 2025 жылы – 69 894;
- 2026 жылдың үш айында 13 989 ресейлікке рұқсат қағазы берілген.
Қазақстан заңнамасы бойынша, елде шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат қағазы бір жылға дейін беріледі. Одан ұзағырақ уақыт тұрғысы келетіндер ықтиярхат алуы керек.
Бұған дейін ресейлік бірқатар БАҚ Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті елде уақытша тұру бойынша жалған құжат алуға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын, соның аясында елден ресейліктер жаппай депортациялануы мүмкін екенін жазған. Қазақстан ҰҚК ақпаратқа түсініктеме бермеді. Ал сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев "жаппай депортация" жайлы ақпаратты "сыбыс" деп атап, "Қазақстанға пана іздеп келген тұлғалардың өтініштері заң аясында қаралады" деп айтқан.