АҚШ үкіметі Ирактың "Лукойл" компаниясының сол елдегі "Батыс Курна-2" мұнай кен орнындағы үлесін америкалық компанияға беру жоспарын қолдап отыр. Мұндай ақпаратты АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілінің айтқанына сүйеніп Bloomberg агенттігі хабарлады.
Бұған дейін Ирактың мұнай министрлігі "Батыс Курна-2" кен орнының бақылаушы үлесін америкалық компанияларға сатып алуды ұсынғанын мәлімдеген еді. Аталған кен орнында Ирактағы шикі мұнайдың шамамен 10 пайызы өндіріледі.
Министрлік нақты қай компаниялармен келіссөз жүргізгені әзірге белгісіз. Алайда агенттік дереккөзі Ирактың таңдауына ExxonMobil көбірек лайық болар еді деп хабарлаған. Бұл компания бұған дейін іргелес "Батыс Курна-1" кен орнын игерген.
Bloomberg-тің жазуынша, "Лукойл" активтерін сатып алуға үміткер болуға ықтимал тараптардың бірі ретінде америкалық Chevron энергетикалық компаниясы да аталады.
- "Лукойл" АҚШ қазан айында санкция енгізгеннен кейін шетелдегі активтерін сатуға ниетті екенін жариялаған. Компания Еуропадағы үш мұнай өңдеу зауытында, Қазақстан, Өзбекстан, Ирак, Мексика, Гана, Египет және Нигериядағы мұнай кен орындарындағы үлеске ие, сондай-ақ әлемнің түрлі аймағында, соның ішінде АҚШ-та да жүздеген жанармай құю бекеттеріне иелік етеді.
- Қазақстанда "Лукойл" компаниясы "Теңізшевройл" консорциумында - 5% үлеске, Қарашығанақ кен орнының операторында – 13,5%, Kalamkas-Khazar Operating-те 50% және "Әл-Фараби Operating-те" 49,99 пайыздық үлеске ие. Ресейлік компания сонымен қатар Хвалынск және Орталық кеніштерін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен ортақ кәсіпорындар арқылы бірігіп игереді.