Accessibility links

Bloomberg: Ресей бейбітшілік келісімінен шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр

АҚШ, Украина және Ресей өкілдері қатысып жатқан бейбітшілік келіссөзі. 17 ақпан, 2026 жыл.
АҚШ, Украина және Ресей өкілдері қатысып жатқан бейбітшілік келіссөзі. 17 ақпан, 2026 жыл.

Егер Украина Мәскеу талап еткен жерді беруге келіспесе, Ресей АҚШ ұйымдастырған Украинамен бейбітшілік келіссөзінен шығу мүмкіндігін қарастырады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.

Дереккөздерге сүйенсек, ресейлік ресми тұлғалар егер Киев әскерін Донецк облысынан шығаруға келіспесе, бейбітшілік келіссөзін жалғастырудан түк пайда жоқ деп ойлауға бейім. Украина әскерін Донецк облысынан шығару – Ресей қойып отырған негізгі талап. Егер Украина келіссе, Ресей бейбітшілік туралы келісімге қол қоюға дайын деді дереккөздер.

Bloomberg дерегінше, Ресей Сумы, Харьков және Днепропетровск облыстарының басып алынған бөліктерінен әскерін шығаруға дайын және Херсон мен Запорожье облыстарында өздері бақылап отырған аумақты кеңейтуді талап етпейді. (Мәскеу бұл аумақтың барлығын, тіпті Украина бақылайтын аумақтарды да, Донецк, Луганск облыстары мен Қырымды Ресей жері деп санайды). Агенттік дереккөзінің хабарлауынша, Ресей АҚШ бастаған топқа бітім шарттарының орындалуын қадағалауға келісімін береді және Украина әскерінің санын шектеу туралы талаптан да бас тартады. Ресей бақылауындағы Запорожье атом электр станциясының болашағы талқыланып жатыр.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, келесі аптаға жоспарланған келіссөз шешуші болмақ. Дәл сол шақта тараптар нақты келісімге келе ме әлде тығырыққа келе ме, сол жағы айқындалмақ.

Бұған дейін Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Кирилл Буданов биыл өткен үш кезеңнен тұрған келіссөз шешуші кезеңге бет бұрды – тараптар не бейбітшілік туралы келісім жасасады немесе келіссөзді үзіп, соғыса бермек деп айтқан еді.

Мәскеу әзірге Bloomberg мақаласына түсініктеме берген жоқ, алайда Ресей украин әскерін Донбастан шығару талабынан бас тартпайтынын айтқан. Бұған қоса, Bloomberg айтпаған өзге де талаптар болған. Ал Украина президенті Украина бақылауындағы аумақты Ресейге бермейтінін айтқан. Украина жағы Ресей де Донецк облысынан өз әскерін әкеткен кезде ғана келісуі мүмкін деген.

XS
SM
MD
LG