Accessibility links

БАҚ: Трамп "Бейбітшілік кеңесіне" тұрақты мүше болғысы келетіндер 1 млрд доллар төлесін дейді


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі "Бейбітшілік кеңесінен" тұрақты орын алғысы келетін елдерден кемінде 1 миллиард доллар көлемінде жарна төлеуді талап етіп отыр. Бұл туралы топтың жарғы жобасымен танысқан Bloomberg агенттігі жазды.

Құжатқа сәйкес, жарғы күшіне енгеннен кейінгі алғашқы бір жыл ішінде жарна төлеген мемлекеттер тұрақты мүше құқығына ие болады. Ал өзгелері үш жылдан аспайтын мерзімге тағайындалады. Жарғы жобасында Дональд Трамп "Бейбітшілік кеңесінің" алғашқы төрағасы болатыны және ұйымға кімді шақыру керегін өзі шешетіні көрсетілген. Сонымен қатар ол, егер кеңеске қатысушылардың үштен екіден астамы қарсы болмаған жағдайда, мүше елдерді кеңес құрамынан шығару құқығына да ие болады.

Кеңесте шешім көпшілік дауыспен қабылданады, әрбір мүше мемлекет бір дауысқа ие. Алайда құжатта атап өтілгендей, қабылданған барлық шешімді төраға мақұлдауы тиіс.

Аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік Bloomberg-ке жиналған қаражат "Бейбітшілік кеңесінің" Газа секторын қалпына келтіру жөніндегі мандатын іске асыруға жұмсалатынын айтқан.

Бастапқыда "Бейбітшілік кеңесін" құру Трамптың Газа секторындағы қақтығысты реттеуге арналған бейбітшілік жоспарының бір бөлігі болған. Алайда, Financial Times жазғандай, жарғы мәтінінде Газа атауы мүлде аталмайды. Құжатта "Бейбітшілік кеңесі" "қақтығыстардан зардап шеккен немесе сондай қауіп төніп тұрған аймақтарда тұрақтылықты нығайтуға, сенімді әрі заңды басқаруды қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылатын халықаралық ұйым" ретінде сипатталған.

Bloomberg атап өткендей, Трампты сынаушылар АҚШ президенті бұрыннан сынға алып жүрген БҰҰ-ға балама немесе бәсекелес құрылым жасауды көздеп отыр деп қауіптенеді. Бұған дейін Financial Times дереккөзі Ақ үйдің "Бейбітшілік кеңесін" "БҰҰ-ның орнын басуы ықтимал құрылым ретінде, яғни Газа секторынан тыс өзге қақтығыстарды реттеуге арналған бейресми қосалқы орган ретінде" қарастырып отырғанын мәлімдеген.

Хабарларға қарағанда, Трамп "Бейбітшілік кеңесіне" бірқатар елдің көшбасшыларын, соның ішінде Аргентина президенті Хавьер Милейді, Канада премьер-министрі Марк Карниді және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды шақырған. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Франция, Германия және Австралия басшыларына да шақырту жіберілген. Ал Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ атынан қатысуға шақырылған.

16 қаңтар күні Ақ үй Газа бойынша құрылатын атқарушы құрылтай кеңесінің құрамына жеті адам кіретінін хабарлаған. Олардың қатарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, АҚШ президентінің арнаулы өкілі Стив Уиткофф, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр бар.

Сонымен бірге Газаға арналған жеке атқарушы кеңес құрылып, оның құрамында 11 адам болмақ. Олардың арасында Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан, БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісі жөніндегі арнаулы үйлестірушісі Сигрид Кааг және Біріккен Араб Әмірліктерінің халықаралық ынтымақтастық министрі Рим әл-Хашими бар.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі бұл кеңестің құрамы Израильмен келісілмегенін және елдің саясатына қайшы келетінін мәлімдеді. Reuters агенттігінің жазуынша, мұның себебі Хакан Фиданға тіреліп отырған болуы мүмкін, себебі Израиль Түркияның қатысуына қарсы.

XS
SM
MD
LG