АҚШ пен Ресей президенттері ақпанның айының аяғына дейін Сауд Арабиясында кездесуі мүмкін, талқылайтын басты тақырып – Украинадағы соғыс жайлы болмақ. Мұндай ақпаратты сенбіде өз дереккөздеріне сүйеніп Bloomberg хабарлады. Агенттік дерегі бойынша, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуін дайындау үшін екі елдің жоғары лауазымды өкілдері келесі аптада Сауд Арабиясында бас қоспақшы.
Бұған дейін Трамп АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды қайраткерлері қатысатын келіссөз Сауд Арабиясында өтеді деп жария салған. Кездесуге Украинаның өкілдері де қатысады деп айтқан. Олар қатысуы мүмкін, бірақ Киев әзірге кездесуге дайындықтың егжей-тегжейінен бейхабар, Еуропа елдерінің "үлкен бөлігіне" де ол жөнінде ешкім ештеңе айтпаған деп жазды Bloomberg.
Ақ үй мен Кремльдің өкілдері Bloomberg-тің ақпаратына байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Әйткенмен АҚШ конгресі өкілдер палатасының мүшесі Майкл Маккол алдағы аптада америкалық делегация Сауд Арабиясына ресейлік және украиналық ресми тұлғалардың қатысуымен келіссөз өткізуге, оған қоса Трамп пен Путиннің кездесуін дайындау шаруасымен баратынын растады деп жазды Reuters.
Сауд Арабиясының билігі Эр-Риядта кездесу өткізуге келісім берген және оны дайындауға қатысады деп жазды Bloomberg. Бұл шаруамен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Мұсаед әл-Айбан айналысып жатыр дейді агенттік.
Америкалық делегация құрамына АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц, президенттің арнаулы өкілі Стив Уиткофф енуі мүмкін деген жорамал бар. Ресейлік келіссөзшілер тобына, Bloomberg дерегінше, Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаков, сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин, Путиннің төңірегіндегі қаржыгер Кирилл Дмитриев алынуы мүмкін.
Агенттік екі елдің өкілдері Путин мен Трамптың кездесуі өтетін күнді мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталғанға дейін белгілеуге тырысады деп хабарлаған. Биыл Рамазан айы наурыздың бірінде басталады.
Еуропа Одағы мен Украинаның өкілдері таяуда Трамп пен Путиннің телефон әңгімесі және екі президенттің Украинадағы соғыс жайын талқылайтын кездесуге дайындықты бастауға келіскені туралы тараған хабарларға байланысты АҚШ пен Ресей арасында "мәміле" бекітуге асықпауға шақырып, себебі ол Украинаға тиімсіз болуы мүмкін деп ескерткен.
Украина президенті Владимир Зеленский "Украина өзін қатыстырмай, сыртынан жасалған мәмілені ешқашан қабылдамайды" деп мәлімдеген. Трамптың арнаулы өкілі Кит Келлог сенбі күні Украина келіссөздерге міндетті түрде қатысуы керек, ал Еуропа одағына мұның қатысы жоқ деп мәлімдеген.