Журналист Ботагөз Омароваға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Ақпаратты адвокаты Толқын Әбілова растады.
"Бүгін түнде тоқтатылды. Ботагөзге телефоны қайтарып берілді. Ол қазір байланыста" деді адвокат.
Ол сұрақтардың барлығына Ботагөз Омарованың өзі жауап беретінін айтты. Ал журналист әзірге телефон тұтқасын көтерген жоқ.
Дәл осының алдында Ботагөз Омарованың "кешірім сұрап жазған хаты" жарияланған еді. Онда ол “ВД Строй-инжиниринг” компаниясы мен оның басшысы Азамат Өсімбеков туралы бұған дейін жариялаған мәліметтерді жоққа шығарған.
Жазба авторы “объективтілік пен шынайылық принциптерін бұзғанын” мойындап, мұны “жазылушылар санын көбейтіп, аудиторияның аталған тақырыпқа қызығушылығын тудыру үшін” жасағанын айтады.
Бұдан бөлек, Омарова компания мен оның басшылығы, өзінің аудиториясынан кешірім сұрап, материалдар олардың беделіне нұқсан келтіргенін мойындаған.
Желіде журналистер қауымдастығы оның жазбасына түрліше реакция білдірді. Хатты журналистің өзі жазғанына күмән білдірушілер де болды.
"Айтпа, Ботагөз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарова жеке адамның арызы негізінде "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша наурыздан бері үйқамаққа алынған еді.
Бұған дейін адвокат Толқын Әбілова журналист Омарова кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан жәбірленуші тараппен мәмілеге келуге дайын екенін айтқанын жеткізген.
Наурыз айында Омароваға президенттен араша сұраған әріптестері "оны полиция әуелде президенттің атқорасы туралы материалы үшін әңгімелесуге шақырғанын" айтқан еді. Журналистің өзі де биыл 8 наурыз қарсаңында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясынан сотқа дейінгі талап-арыз алғанын жазған.
Президент іс басқармасынан қомақты тендер алып отырған бұл компания былтыр Астанадағы президент іс басқармасына тиесілі атқора құрылысына араласқан жұмысшылар мен кәсіпкерлер істеген еңбегінің ақшасын қосалқы мердігерлерден даулаған кезде қоғам назарына іліккен еді. Атқора құрылысының бас мердігері болған "ВД Строй-инжиниринг" пен президент іс басқармасы құрылысқа қатысты "міндетімізді толық өтедік" деген. Ал қосалқы мердігер компания өкілдері биыл журналист Ботагөз Омароваға сұхбат беріп, "ВД Строй-инжинирингтің" артында президенттің туыстары тұр деп естігенін айтқан.
Ал “ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков жуырда Ulysmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен туыстарын жеке танымайтынын айтқан.