Accessibility links

БП Айдос Садықовтың қазасына қатысты іс туралы: кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр

Қазақстан бас прокуратурасы "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына қатысты тергеу амалдарының барысы туралы сұраған Азаттыққа "кешенді тергеу амалдары" жүріп жатыр деп жауап берді.

"Сұрауда көрсетілген факт бойынша Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратынын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды" деп жазылған ресми жауапта.

Қазақстан бас прокуратурасы журналистің қазасына қатысты бұған дейін де осыған ұқсас жауап берген.

Құқық қорғаушылар мен марқұмның жақындары тергеу амалдары өте баяу жүріп жатқанын айтып келеді. Қазақстан билігінің әрекетінде журналистің қазасын тергеуге деген құлықсыздық белгілері де бар деп санайтындар бар.

2024 жылғы 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.

Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.

Азаттық ресми сауалда күдіктілердің есімін атап, әрқайсысына қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын сұраған. Алайда БП іс бойынша жалпы жауап берген.

Украиналық адвокат Дмитрий Моргун былтыр мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан.

Былтыр көктемде Садықовтың жесірі Наталья Садықова "Республика" басылымына Украина органдарының мәліметіне сүйеніп, Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жібергенін айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары "аталған тұлғалардың қастандыққа қатысын дәлел болмағандықтан қазақстандық прокурорлар тергеу амалдарын жүргізуден бас тартқан".

Дегенмен Қазақстан бас прокуратурасы бұл ақпаратқа нақты жауап берген жоқ.

Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.

2024 жылы Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.

Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.

Былтыр қазанда Айдос Садықовтың есімі кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болған әлемдік журналистердің мемориалына енгізілді.

Айдар
XS
SM
MD
LG