БҚО-да полиция тәуелсіз бақылаушылардың үйлері мен кеңсесін тінтті

"Жария" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекнұр Сыражанов (оң жақта) және тәуелсіз бақылаушы Хәкім Меңдібай референдум қарсаңында жиын өткізіп отыр. Орал қаласы, 13 наурыз 2026 жыл.
"Жария" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекнұр Сыражанов (оң жақта) және тәуелсіз бақылаушы Хәкім Меңдібай референдум қарсаңында жиын өткізіп отыр. Орал қаласы, 13 наурыз 2026 жыл.

11 қараша күні таңертең полиция «Жария» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Самал Ғилманова мен Хәкім Меңдібайдың үйлерін, сонымен бірге ұйымның кеңсесіне тінту жүргізді. Кейін екеуін полиция департаментіне жауап алуға шақырды. Бұл жөнінде "Уральская неделя" басылымы жазды.

Полицияның хабарлауынша, ұйымға қатысты алаяқтық туралы екі арыз түскен. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Тінту мен жауап алу адвокаттардың қатысуынсыз өткен.

«Жария» жетекшісі Бекнұр Сыражанов ұйымның банк шоты да, қызметкерлерінің жалақысы да жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бақылаушылар сайлау учаскелеріне бару үшін жол шығынына өзара 500–1000 теңгеден жинаған.

Арыз жазған бұрынғы бақылаушылардың бірі Мейрам Бақтұғұлов “Уральская неделя” басылымына «Жария» ұйымы оған екі сайлаудағы бақылау жұмысы үшін 3 мың доллар қарыз екенін мәлімдеген. "Сіздің қолыңызда сізге үш мың доллар төлеуі тиіс деп жазылған "Жариямен" жасалған келісім бар ма?" деген сұраққа ол "бізде бәрі бар!" деген. Бұдан соң "е, қойшы" деп телефон тұтқасын тастай салған.

Ал ұйым басшысы мұндай айыптауларға таңғалғанын жеткізді.

Хәкім Меңдібай мен Бекнұр Сражанов полиция әрекетін алдағы сайлаумен байланыстырады. Олардың пікірінше, бұл тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын тоқтатуға бағытталған қысым болуы мүмкін.

«Жария» ұйымы бес жыл бұрын елдегі сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне көмектесу мақсатында құрылған. Ұйым мүшелері сайлау мен референдумдарға бақылау жүргізіп, заң бұзушылықтарды тіркеп келген. Бұған дейін де олар құқық қорғау органдарының назарында жүргенін айтып, ықтимал арандатуларға алаңдаушылық білдірген.

"Жария" өкілдері 19-рет өтініш бергеннен кейін ұйымды тіркете алған.

Полиция әзірге іс бойынша тергеу жүріп жатқанын ғана хабарлады.

Осыған дейін Хәкім Меңдібай желіде үгіт-насихат кезеңі басталғанына қарамастан БҚО-да сайлауалды науқан сезілмейтінін жазған еді.

Қазақстанда 29 қарашада мәслихат сайлауы өтеді. ОСК мәліметінше, сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде партиялық тізім бойынша, 1219 адам, бір мандатты округ бойынша 9752 адам бар.

Бұған дейін Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылында Бағлан Зиябеков есімді азамат өзін аудандық мәслихатқа кандидат ретінде тіркемей отырғанына шағымданған. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жолдаған жауабында Бағлан Зиябековтің мәслихат сайлауына қатысуға ниет білдіргенін растады, бірақ оның "құжат тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінгенін" айтты.

​
XS
SM
MD
LG