Accessibility links

БҚО соты ресейлік бұрынғы әскери қызметкерді елден шығарды

Батыс Қазақстан облысының Бөкей орда аудандық соты Қазақстан аумағында ұсталған бұрынғы әскери қызметкерді елден шығару туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде “Мой город” басылымы жазды.

Сот дерегіне сүйенген басылымның жазуынша, ер адам 2025 жылы шілдеде әскери қызметін өз еркімен тастап кеткен. Ресейдің құқық қорғау органдарынан жасырынған ол биыл мамырда Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Орал қаласына барып, одан әрі қарай Таразға жетіп, әрі қарай үшінші мемлекетке кетуді жоспарлаған. Алайда ҰҚК қызметкерлері оны ұстаған.

Сот кезінде ол тағылған айыпты толық мойындап, “амалсыз қашуға мәжбүр болғанын” айтып, өзін түрмеге жаппауды, елден шығармауды сұраған.

Сот оған “шекараны заңсыз кескені үшін” 865 мың теңге айыппұл салып, елден шығаруды үкім етті. Бес жылға елге келуге тыйым салды.

Сот жаңа Конституцияның қабылдануына орай рақымшылық заңын қолданып, оны айыппұлдан толық босатты, бірақ оны елден шығару туралы шешімді күшінде қалдырды. Сот шешімі күшіне енді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG