Accessibility links

Британ королі ІІІ Чарльз алғаш рет өз салық декларациясын жарияламақ

Британ королі ІІІ Чарльз
Британ королі ІІІ Чарльз

Король ІІІ Чарльз британ монархиясы тарихында алғаш рет өзінің салық декларациясын жарияламақ. Букингем сарайы декларация бейсенбі күні жарияланатынын хабарлады.

Король мұндай шешімді британдық патша отбасының қаржы жағдайына қоғам назары артып жатқан шақта ашықтықты арттыру мақсатында жеке өзі қабылдағаны айтылады.

Заң бойынша, британ монархтары жеке салық декларацияларын жариялауға міндетті емес. Бұған қоса, олар салықтың кей түрінен босатылған, әйткенмен кейінгі кездері кейбір салықтарды, әсіресе табыс салығын және капитал кірісіне салынатын салықты өз еркімен төлеп жүр.

Король ІІІ Чарльз жеке салықтары туралы ақпаратты таққа отырмай тұрған кезден-ақ жариялай бастаған делінеді. Оның салық декларациясы король отбасының қаржы жағдайы туралы жыл сайынғы дәстүрлі есеппен бірге жарияланбақ.

Отбасы мен корольдің жеке кіріс көздері әртүрлі, оның бір бөлігі монарх пен оның туыстарының ресми міндеттерінің шығындарын қаржыландыратын үкімет грантынан түседі. Қазіргі қаржы жылында кірістің жалпы көлемі мұның алдындағы жылдағы 86,3 миллион фунт стерлингпен салыстырғанда 132,1 миллион фунт стерлингке (шамамен 175 миллион доллар) дейін өскен. Дегенмен, биыл грант көлемі аз болатыны айтылып отыр.

Сонымен қатар, король өз мүлкінен, мысалы, Ланкастер герцогтігінен жеке кіріс алып отыр. 2024-25 жылдары оның көлемі 26,8 миллион фунт стерлинг болған.

Британ заңы бойынша, монархтар табыс салығын, капитал өсіміне салықты я мұраға салынатын салықты төлеуге міндетті емес. Алайда, 1993 жылдан бастап олар табыс салығы мен капитал өсіміне салықты ерікті түрде төлеп келеді. Чарльз анасы ІІ Елизавета қайтыс болғаннан кейін үкіметпен жасалған келісім бойынша мұрагерлік салығын төлемеген.

БАҚ жазуынша, король отбасы ашықтықты арттыруға (соның ішінде қаржы мәселелерін қоса алғанда) шақыру арқылы ІІІ Чарльздің інісі, бұрынғы ханзада Эндрюдің АҚШ-та жыныстық қылмыстар жасаған деген айыппен сотталып, түрмеде қайтыс болған Джеффри Эпштейнмен байланысы болғандықтан туындаған жанжалдың салдарын жоюға тырысады.

Айдар
XS
SM
MD
LG