Accessibility links

Британдық Shell Қазақстанға инвестиция салуды уақытша тоқтататынын хабарлады

Британдық Shell мұнай-газ компаниясы Қазақстан үкіметімен жалғасып жатқан сот дауларына байланысты Қазақстанға қосымша инвестиция салуды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі хабарлады .

Қазақстанның шағымы негізінде қозғалған істер бойынша миллиардтаған доллар төлемдер талап етіліп жатыр.

Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван инвесторлармен әңгіме барысында Қазақстанға жаңа инвестиция салмас бұрын сот процестері бойынша "нақты картина" күтіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, инвестицияларды тоқтата тұру туралы шешімге құқықтық даудағы белгісіздік әсер еткен.

Blomberg-тің жазуынша, Қазақстан өз елінің сотында және халықаралық арбитражда қозғалған істерде Батыстың бірнеше мұнай компаниясынан өтемақы талап етіп отыр. "Осы айда Shell мен оның әріптестері дауда жеңілгені белгілі болды, соның қорытындысы бойынша олар 4 миллиард долларға дейін төлеуі ықтимал. Бұған қоса күкірттің төгілуі және жобаның құны бойынша да сот процесі жүріп жатыр" делінген Bloomberg хабарында.

Shell бұл даулар шетелдік компаниялар үшін инвестициялық ахуалды күрделендіріп отыр деп санайды. Компанияның ұстанымы бойынша, инвестицияларды тоқтата тұру шешімі елдегі жобалардан толықтай бас тартуды білдірмейді, алайда құқықтық қауіп шешілгенге дейін жаңа ірі капитал салымдарын кейінге қалдырады.

Shell қазір жүріп жатқан жобаларға қатысуын жалғастыра береді, бірақ алдағы инвестициялар сот процестерінің нәтижесіне және тараптардың талаптарын орындауға байланысты болмақ.

Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ жобасына қатысатын шетелдік компаниялар мен Қазақстан билігі арасындағы қарым-қатынас арбитраждық дауларға байланысты шиеленісе түскен. Қазақстан үкіметі консорциум келісімшарт талаптарын бұзды және мемлекетке берілуі тиіс қомақты соманы толық төлемеді деп есептеп, өтемақы талап еткен.

XS
SM
MD
LG