Accessibility links

Бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовтың қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды

Иаков Воронцов
Иаков Воронцов

Тергеу соты бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовтың қамау мерзімін тағы бір айға созды. Ақпаратты адвокат Ғалым Нұрпейісов "Власть" басылымына растады. Адвокаттың сөзінше, 22 сәуірде тергеу соты адвокатты аяқ астынан процеске қосып, Воронцовтың қамау мерзімін бір айға созу туралы өтінішті қанағаттандырған. Адвокат жеке шағым түсірген, қазір апелляциялық инстанция отырысын күтіп отыр.

Осы аптада Воронцовтың досы Геният Исин іс бойынша түрлі сараптама аяқталмағанын хабарлаған еді. Ол Воронцовтың хатына сүйене отырып, оның өкпесі ауыруы мүмкін екенін жазған.

"Оған қатты суық тиіп, бір айдан астам уақыт ауырды. Аптасына бір рет себілге түседі. Өте ыстық. Ол терлегеннен кейін оны ұзақ уақыт суық дәлізбен жүргізіп, камераға апарған. Осылайша өкпе ауруына ұқсас аурумен ауырып қалды. Бірақ оның еңсесі түскен жоқ. Кез келген нәрседен жақсы нәрсе көргісі келеді. Ол сол жақта да дін қызметшісі ретінде өз-өзін жоғалтып алғандармен сөйлеседі. Қанаттандырады. Кеңес береді. Қайғылы ойларын сейілтеді. Тіпті бір камерада отырған адам өз-өзіне қол жұмсамақ болған кезде оны құтқарып қалған. Қарапайым әңгіменің өзі шипалы болып шыққан" деп жазды Геният.

Биыл 13 ақпанда Воронцов "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну" бабы бойынша 10 күнге қамалған еді. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді.

Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. "Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында. Ол осы 10 күндік қамаудан шыға сала тергеуге әкетіліп, ізінше 2 айға қамалған. Енді осы мерзім тағы бір айға ұзартылып отыр.

Бұған дейін адвокат Воронцовқа қолданылған бұлтартпас шара түрін өзгертіп, оны үйқамаққа ауыстыруды сұраған еді, алайда апелляциялық сот оны қамауда қалдырған.

Воронцов бұған дейін саяси сипаттағы жария мәлімдемелерінен кейін діни дәрежесінен айырылған. 2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.

Иаков Воронцов – қазақстандық дін қызметшісі, ол қызметін қазақ тілінде жүргізіп танылған. Украинада соғыс басталғаннан кейін Воронцов әлеуметтік желіде соғысты ақтаған Орыс православ шіркеуінің қызметкерлерін сынға алып пост жариялаған.

Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылы маусымда аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты көзқарасы үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан.

2024 жылы Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс аноним тұлғалардың арызы бойынша қозғалған және "қылмыс құрамы болмағандықтан" сол жылы мамырда тоқтатылған.

Айдар
XS
SM
MD
LG