12 жылға сотталған экс-шенеунік Кәрім Көкірекбаевты қамаудан босату жайлы қаулының күші жойылды

Кәрім Көкірекбаевтың Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болып тұрған кездегі суреті, Бішкек, 29 тамыз, 2019 жыл
Кәрім Көкірекбаевтың Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болып тұрған кездегі суреті, Бішкек, 29 тамыз, 2019 жыл

Алматы облыстық соты бұрын лауазымды қызметтер атқарған, кейін парақорлық айыбымен 12 жылға сотталған 69 жастағы Кәрім Көкірекбаевты жаза мерзімінен ерте шартты бостандыққа шығару туралы қаулының күшін жойған. Бұл туралы қазақстандық басылымдар хабарлады.

Алматы облысы Алатау қалалық соты 17 қарашада Көкірекбаевты денсаулық жағдайына байланысты жаза өтеу мекемесінен бостандыққа шығару туралы шешім шығарған. Бұған қарсылық білдірген прокуратураның шағымын қараған облыстық сот Көкірекбаевты қамаудан босату туралы қаулы негізсіз қабылданған деген ұйғарымға келген.

Кәрім Көкірекбаев бұрын Жамбыл облысының әкімі, "Қазақстан темір жолы" АҚ басшысы, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің жетекшісі сынды лауазымды қызметтер атқарған.

Ол 2022 жылдың желтоқсанында "Bazis Construction INFR" компаниясы басшысы Андрей Поплавскийден 396 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қаражат Қорғас өзеніндегі қорғаныс бөгеттерінде іс жүзінде атқарылмаған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін берілген. Мемлекетке келген шығын шамамен 2 миллиард теңге деп бағаланды.

2025 жылдың шілде айында сот Көкірекбаевты 12 жылға бостандығынан айырды. "Қазселденқорғау" басшысының бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен компания өкілі Андрей Поплавскийдің әрқайсысы 11 жылға сотталды.

Бұдан бөлек, жазасын өтеу кезінде Көкірекбаев сот ғимаратында жұбайымен заңсыз кездесу ұйымдастыруға көмектескен айдауылға пара бергені үшін 300 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.

​
XS
SM
MD
LG