Accessibility links

БҰҰ-ды гуманитарлық қаржыландыру кейінгі он жылдағы ең төмен деңгейге түсті


Біріккен Ұлттар Ұйымы белгісі
Біріккен Ұлттар Ұйымы белгісі

БҰҰ-ны гуманитарлық қаржыландыру көрсеткіші кейінгі он жылдағы ең төмен деңгейге түскен. Reuters агенттігінің жазуынша, биылғы қараша айындағы деректер бойынша, БҰҰ бар болғаны 12 млрд доллар алған, бұл жалпы қажет қаржының ширек бөлігінен сәл ғана асады.

БҰҰ донорларды 2026 жылға 23 млрд доллар бөлуге шақырған – бұл осы ұйым 2025 жылға тартпақшы болып жоспарлаған қаржы көлемінен екі есе аз. Мұның салдары жедел көмекке мұқтаж ондаған миллион адамға батады дейді сарапшылар.

Reuters қаржыландырудың қысқаруы гуманитарлық ұйымдар тап болған басқа да күрделі мәселелерді одан сайын ушықтырып, соның ішінде әсіресе қақтығыс аймақтарында басын қауіп-қатерге тігіп жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің жағдайын мүлде қиындатады деп жазды.

"Бізге шамадан тыс жүк артылды, қаржы жетіспейді, шабуылға ұшырап отырмыз. Біз өрт шыққан жерге жедел жәрдем жіберіп жатырмыз – сіздің атыңыздан. Бірақ енді бізден өртті өзіміз барып сөндіруімізді сұрайды. Ал біздің ыдысымыздағы су шамалы. Және бізге оқ жауып жатыр", – деп мәлімдеді БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер.

Халықаралық көші-қон ұйымы да қаржыландыруды қысқартуға мәжбүр – келесі жылға ол 2025 жылмен салыстырғанда екі есе аз қаражат сұрап отыр. Ұйым климаттың өзгеруінен немесе қақтығыстар салдарынан үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болған 41 млн адамға көмек көрсетуге және олардың оралуына жәрдемдесуге деп 4,7 млрд доллар тартуды мақсат етіп отыр.

БҰҰ-ның гуманитарлық құрылымдары негізінен Батыстағы донорлар бөлетін ерікті жарналарға тәуелді, ал әдетте олардың ішіндегі ең ірі донор – АҚШ, деп жазды Reuters.

XS
SM
MD
LG